​Круизға алғаш рет аттанатындар үшін 6 кеңес

0
223

Сондай-ақ билеттерді сатып алмай тұрып круиз бағдарламасын мұқият қарап шығыңыз.


​Круизға алғаш рет аттанатындар үшін 6 кеңес

Сурет: in.pinterest.com

Теңіз круизі – жай ғана саяхат емес, шытырман оқиға! Бұл – теңіздің балғын ауасын жұта жүріп, суына шомыла жүріп, бір сапар барысында көптеген қалалар мен елдерде болып үлгеру. Ал круиздік лайнер – бес жұлдызды қонақүден кем түспейтін мекен.

Круиз бағдарламалары әртүрлі. Бірақ әрқашан саяхатшылар аралық порттарда белгілі бір сағат мөлшерінде бос болады. Сол уақытты қалай тиімді пайдалану керек? Сапарға қалай дайындалу қажет? Теңіздің шайқалтуы, ауасы не суы мазаңызды қашырса, не істеген жөн? Егер алдағы уақытта круизге баруды жоспарлап жүрсеңіз, мақаланы мұқият оқып, осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауабын жадыңызға сақтаған жөн.


1. Круизді таңдаймыз

Круиздік компанияның ұсынысын мұқият зерттеңіз: тәжірибесі мен беделіне мән беріңіз, ғаламтордан саяхатшылардың бағыт пен кемеге қатысты пікірлерін оқыңыз.

Ұсақ-түйекке мән беріңіз. Круиз бағасына қандай қызметтер кіреді? Кемеде тамақтану жүйесі қандай? Мүмкін, сізге балаларға арналған арнайы мәзір керек болар. Кемеде қандай ойын-сауық түрлері бар: SPA-орталық, теннис корты, спортзал және т.б.? «Міндетті шайпұл» бар ма? Қандай каюталар бар: терезесі бар немесе жоқ, балконы бар не балконсыз, т.с.с.

Сондай-ақ билеттерді сатып алмай тұрып круиз бағдарламасын мұқият қарап шығыңыз. Қай жерден басталып, қай жерде аяқталады? Қай порттарда түнгі аялдама бар. Бұл «Бүкіл өмірімде Акропольді көруді армандап едім, бірақ кеме Афиныға түн ортасында тоқтап, таң ата жүріп кетті» деген сияқты көңілсіз естеліктерден сақтайды.


2. Круизге дайындаламыз

Турды сатып алғаннан кейін дайындықты бірден бастаңыз. Бұл жеңілдікпен шыққан арзан әуе билеттерін «қағып алуға» және қонақүй, көлік жалдау, экскурсия сияқты қызметтерді алдын ала брондауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, визалар мен басқа да құжаттарды круиздік компания емес, өзіңіз рәсімдейтін болсаңыз, оған да біраз уақыт кетеді.


3. Кесте құрамыз

Кеменің айлаққа аялдауы – круиздегі ең маңызды сәттердің бірі. Бұл уақыт әдетте алдын ала белгілі болады, сондықтан әрбір аялдама үшін маршрут құрып алған дұрыс.

Нақтысында туристің иелігінде көрсетілген уақыттан 2–2,5 сағатқа аз уақыт болатынын ескеріңіз. Біріншіден, кемінде 1–1,5 сағат бұрын кемеге қайтып келу керек. Порттағы әр минут санаулы. Кешіккен жолаушыны кеме күтіп тұрмайды.

Екіншіден, саяхаттаушылар кемеден кезегімен түсіп боламын дегенше 30 минуттан 1 сағатқа дейін уақыт кетуі мүмкін.

Лайнер айлаққа тоқтай ма, әлде рейдке тұра ма – мұны міндетті түрде алдын ала анықтаңыз. Егер рейдке тұрса, туристер жағалауға арнайы шағын кемелермен жеткізіледі. Бұл да уақыт алады.

Осының бәрін ескеріп, айлақтағы уақыттың бас-аяғынан 2-3 сағат қысқартып, қыдыруға қалатын уақытты есептей беріңіз. Кестеге тек көрікті жерлерді аралау уақытын ғана емес, сонымен қатар тамақтану, тынығу, сувенир сатып алу сияқтыларға жұмсалатын уақытты да қосуды ұмытпаңыз.

Кемелер қозғалысын Marinetraffic.com сервисі арқылы бақылай аласыз. Ол арқылы, мысалы, сіздің лайнеріңіздің қай айлақта тұрғанын анықтауға болады.


4. Маршрут құрыңыз

Әдетте, круиздік компаниялар өздерінің ойын-сауық бағдарламасын ұсынады. Ол жағалаудағы қалалар бойынша шолу экскурсиясы немесе белгілі бір көрнекті орынға автобуспен бару сынды болуы мүмкін. Оны ала салу оңай әрі кемеге кешігемін деген уайымсыз жүресіз. Алайда көбінесе жергілікті экскурсиялар арзан әрі мазмұнды болады.

CruiseCritic.com круиздерге арналған портал. Онда сізге қаланы таныстыратын жеке гид табуға болады.

Viator.com, ShoreTrips.com және ShoreExcursionsGroup.com сайттарында бір күндік турлардың кең таңдауы ұсынылған.

Турды қызығушылығыңызға қарай таңдауға болады. Мәселен, біреу үшін гастрономиялық тур қызықты, ал басқалар белсенді демалысты таңдайды (рафтинг, квадроциклмен серуен).

Егер сіз өз бетіңізбен саяхаттауды таңдасаңыз, онда нақты жоспар құрып алыңыз. Кеме тоқтайтын айлақтардың маңында, қай қалада қандай көрнекті орындар бар екенін зерттеңіз. Қызықты нысандарды таңдап, картадан белгілеңіз. Бір-бірінен қашықтығын, транспортты, бағаларын анықтаңыз. Музейлер, сарайлар және басқа көрнекті орындардың жұмыс кестесін зерттеңіз. Әйтпесе, жоспарға қосқан жеріңіз сол күні техникалық үзіліске немесе жөндеуге жабық болуы мүмкін. Сөйтіп, бірінші, екінші, үшінші... нүктелерді белгілеп, маршрут құрыңыз. Бастапқы және соңғы нысандар портқа жақын орналасқаны дұрыс.

Сурет: ru.pinterest.com


5. Не алып шығу керек?

Круиз бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Бірақ бұл үлкен багаж қажет деген сөз емес.

Әдетте каюталар шағын болады. Көп сөмке әкелсеңіз, оларды орналастыру қиынға соғады. Егер кемеде сақтау камерасы болса, кейбір заттарды соған тапсыруға болады.

Ыдыс-аяқ, фен, сүлгі сияқты заттарды алудың қажеті жоқ. Бұлардың бәрі беріледі. Ал дәрі қобдишасы – міндетті түрде болуға тиіс зат. Кемеде медициналық пункт болады, онда дәрі-дәрмектер сатылады. Бірақ қымбат.

Сондай-ақ қайшы, ине-жіп, косметика сияқты ұсақ-түйекті де өзіңізбен ала жүргеніңіз жөн.

Киімге келсек, егер кемедегі спортзалға барғыңыз келсе, спорттық форма алыңыз, онсыз кіргізбейді. Сонымен қатар, пиджак немесе жеңіл куртка артық болмайды. Түнде палубада салқын болуы мүмкін.

Қонақүйдегі сияқты, кемедегі мейрамханаға да майка-шортымен немесе шомылу киімімен кіргізбейді. Кемеде театрлық қойылым, концерт немесе банкеттік кештер өткізілуі мүмкін. Сондықтан салтанатты кештерге арналған бір-екі сәнді кешкі көйлек, костюмдеріңіз болсын.

Саяхат кезінде аялдайтын қалада қандай мәдени шаралар өтетінін алдын ала қарап шығыңыз. Егер концертке не қойылымға барғыңыз келсе, билетті ертерек алыңыз.

Экскурсияларға, әсіресе жаяу серуендерге ыңғайлы аяқ киім мен киім алуды ұмытпаңыз.


6. Теңіз сырқатына қарсы күрес

Кинетоз немесе қозғалыс ауруы – көліктің тербелісінен болатын жүрек айнуы мен бас айналуы. Ол тек жердегі көлікте емес, теңізде де пайда болуы мүмкін.

Егер сізде вестибулярлық аппарат әлсіз болса, теңіз ауруына қарсы дәрілерді алдын ала дайындаңыз. Ең тиімдісі — таблеткалар. Сонымен қатар, пластырь мен арнайы білезіктер де бар, бірақ олардың әсері көбінесе психологиялық деп саналады.

Көліктің тербелісін көтере алмайтын болсаңыз, кеменің орталық бөлігіндегі және төменгі палубалардағы каютаны таңдаңыз. Бұл бөлікте тербеліс аз болады.

Сондай-ақ, палубаға шыққанда жел жағында емес, ық жағында көбірек болуға тырысыңыз. Онда көзге көкжиек көрініп тұрады, бұл аурудың белгілерін жеңілдетеді.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Саяхатшыларды СЫРҚАТҚА шалдықтыратын ҚАТЕЛІКТЕР