Әділет органдары жасанды интеллект элементтерін қарқынды енгізіп жатыр

0
189

Атқарушылық іс жүргізуді одан әрі цифрландыру шеңберінде әділет органдары жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.


Әділет органдары жасанды интеллект элементтерін қарқынды енгізіп жатыр

ERNUR.KZ. ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ведомство қызметіне жасанды интеллектіні енгізу тақырыбына тоқталып, қол жеткізілген нәтижелер жайында айтып берді. Мәселен, бүгінде Adilet сайтында тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн-құқықтық кеңесші іске қосылған. Ол азаматтарға кең ауқымды құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріп, мемлекеттік органдардың заңнаманы түсіндіру бойынша жүктемесін азайтады.

Келесі кезең – смарт-ассистентті енгізу. Ол НҚА әзірлеушілеріне сараптамалық қолдау көрсетеді. Оның функционалына халықаралық тәжірибе, құқықтық мониторинг және Конституциялық Соттың қаулыларына сәйкес конституцияға қайшы нормаларды іздеу кіреді.

«Осылайша, смарт-ассистент тек көмекші құрал емес, нормашығармашылық процесінің толыққанды қатысушысына айналып, сапаны, үйлесімділікті және құқықтық тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді», – деді спикер.

Әділет министрлігінің цифрлық трансформациясының тағы бір маңызды бағыты – атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру. Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Цифрлық сот орындаушысы» жобасы іске қосылды. Бұл жүйе атқарушылық іс жүргізуді адам қатысуынсыз автоматты түрде бастайды және жүргізеді. Жоба нәтижесінде адам факторын болдырмау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және борышты өндіру процесін едәуір жеделдету мүмкін болды. Бұрын жеке сот орындаушыларын тартқанда борышкер қарыз сомасының 25%-на дейін комиссия ретінде төлейтін, енді автоматтандырудың арқасында бұл шығындар алынып тасталды. Нәтижесінде азаматтар 2,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеді. Бұл әділ сот төрелігіне қолжетімділікті арттырып, технологияларды қоғам мүддесіне тиімді пайдалану үлгісіне айналды.

Атқарушылық іс жүргізуді одан әрі цифрландыру шеңберінде әділет органдары жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл құрал азаматтарға арналған цифрлық көмекші болып табылады және олардың құқықтарын қорғауға, объективті ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Оның негізгі функциялары: жеке сот орындаушыларының іс-қимылдарының толықтығын мониторингтеу; азаматтарды олардың ісінің мәртебесі мен қабылданған шаралар туралы хабардар ету; шағымдарды дәлелді түрде дайындауға көмек көрсету; жүйенің ашықтығы мен сенімділігін арттыру. Сот орындаушылары үшін де интеллектуалды көмекші әзірленген, ол мыналарды қамтиды: мерзімдерді бақылау және еске салу; рәсімдердің дұрыстығын талдау; жұмысты оңтайландыру бойынша ұсыныстар беру; қателер мен әрекетсіздік тәуекелдерін автоматты түрде анықтау», – деді вице-министр.

Бұл шешімдер атқарушылық іс жүргізудің сапасының жаңа стандартына айналып, заңдылықты сақтауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етті.