​Ұлттық өнерге жан бітірген: суретшілікті зергерлікпен үндестірген шебер

0
147

Қазір өз шеберханасын ашқан. Шығармашылық әлеуетін шыңдап, бала күнгі арманын жүзеге асырып жүр


​Ұлттық өнерге жан бітірген: суретшілікті зергерлікпен үндестірген шебер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап, оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәтижесінде, ел бойынша тоқсан мыңнан мың адам жұмыс¬пен қамтылып, отыз мыңға жуық кәсіпкердің жұмысы жанданған.

Креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасының нәтижесінде Шымкент қаласында Креативті индустрия қауымдастығы құрылған. Қазір онда үш мыңға жуық өнер адамы өз өнімдерін өндіріп, оны дамыту үстінде. Солардың бірі – Айман Телқожаева. Суретші мамандығын меңгерген кейіпкеріміз қазір зергерлік өнер бойынша да қауымдастық жанынан құрылған креативті хабта шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.

«Өнерге деген қызығушылығым бала кезден басталған. Төрт жыл сурет мектебінде білім алдым. Одан кейін Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде суретші және безендіруші мамандығы бойынша оқып шықтым, - дейді Айман ханым. – Тұрмысқа шықтым. Жолдасым да өнер адамы болды, ол кісі зергерлікпен айналысты. Сол кісіге қолдау білдіру мақсатында суретшілікті ысырып қойып, зергерлікке бет бұрдым. Бірақ кейін ол кісі денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал мен өз мамандығыма қайта ойыстым».

Айман Телқожаева он бес жылға жуық бір шеберханада отырып, тапсырыспен портрет, картина жазумен айналысыпты. Күндердің күнінде оған бірге оқыған құрбысы ұсыныс тастап, мектептегі бүлдіршіндерге үйірмеден сабақ беруге шақырған. Осылайша өнер адамы ұстаздыққа қадам басып көреді.

«Мектепте үйірмеден дәріс беру ұсынысы маған қызық боп көрінді. Өзімді басқа қырымнан сынап көру үшін құрбым ашқан мектепке бардым. Бастауыш сыныптың балаларына бес жыл бойы дәріс бере жүріп, өзім де дамыдым десем болады. Неше түрлі жаңаша әдістерді үйрендім. Эпоксидті смоланы түрлі бұйымдарға құю тәсілін меңгердім. Осылайша зергерлік кәсіпке қайта келдім», - дейді ол.

Шымкенттен креативті индустрия қауымдастығы арнайы хаб ашыпты дегенді естіген кейіпкеріміз басшылықпен танысып, шақырту алыпты. Қазір сол жерден өз шеберханасын ашқан. Шығармашылық әлеуетін шыңдап, бала күнгі арманын жүзеге асырып жүр екен.

«Қауымдастық басшысы Жанна Елтанова ханымға көп рахмет. Қаншама өнер адамына қолдау білдіріп, шеберхана ашуға жағдай жасап жатыр. Соның бір бұрышы маған да тиген. Сол жерде қазір шеберлік сабақтарын өткіземін. Мектеп жасындағы балаларға да, жасы үлкен кісілерге де есігіміз ашық. Келіп, қатысып, шеберлігін шыңдай алады. Оның ішінде сурет өнері де, ағаштан және эпоксидті смоладан жасалған зергерлік бұйымдар да бар», - дейді Айман Телқожаева.

Кейіпкеріміз басқа да шеберлермен бірлесіп тұрақты түрде жәрмеңкелерге, көрмелерге қатысып тұрады. Алдағы уақытта шетелдік, халықаралық іс-шараларға шақырту алғысы келетінін жасырмады.
«Креативті индустрия саласы ақырындап дамып келе жатыр ғой. Алыс-жақын шет елдің мамандарымен тәжірибе алмассақ, өз өнімдерімізді басқа елдің адамдарына танытсақ деген арманым бар.
Сосын тағы бір айтарым, қаламыздағы үлкен-үлкен сауда орталықтарының басшыларынан қолдау болса деймін. Әзірге біз тек Арбаттағы алаңға ғана өз өнімдерімізді жайып, халыққа көрсетіп жүрміз. Жаңағыдай сауда орталықтарынан жоқ дегенде аптасына бір мәрте қолдау ретінде бос орындар берілсе екен. Халық ұлттық өнерімізді, біздің шеберлердің жасап жатқан жұмыстарын көріп, танысып, алар еді. Креативті индустрияны дамытудың бір түрі осы емес пе?», - дейді Айман шебер.
Кейіпкеріміздің арманы - өз саласын одан әрі дамытып, тарихта аты қалатындай істерді жасау. Сондай-ақ мықты шәкірттер тәрбиелеп шығарғысы келетінін айтады. Ал біз өз тарапымыздан Айман ханымның арманы орындала берсін деп тілек қосамыз.

А.ҚАСЫМБЕК.

Бөлісу