Қазақстанда куәгер болмаса да, балағат сөз үшін айыппұл салынбақ

0
94

Қазақстанда қоғамдық орында балағат сөз айтқан адам маңайында ешкім болмаса да жауапқа тартылуы мүмкін.


Қазақстанда куәгер болмаса да, балағат сөз үшін айыппұл салынбақ

Фото: Shutterstock / Fotodom

ERNUR.KZ. Егер әрекет бейнебақылау камерасына түсіп, қоғамды ашық түрде сыйламау ретінде бағаланса, әкімшілік жаза қарастырылған, деп жазады stan.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық жерде былапыт сөз айту Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық ретінде қаралады.

Мұндай әрекет үшін 86 мың теңге айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Ал құқықбұзушылық қайталанса, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін ұзартылады.

“Құқықбұзушылықты саралау кезінде оның көпшілік алдында жасалғаны және қоғамды ашық түрде сыйламау сипаты маңызды. Қоғамдық көлік, тұрғын үй кіреберістері, ғимараттардың холдары, көшелер мен саябақтар қоғамдық орын саналады. Мұндай жерде балағат сөз айту, камераға түсірілген сәтте маңайда адамдардың болған-болмағанына қарамастан, құқықбұзушылық құрамын құрауы мүмкін”, – деп түсіндірді ІІМ.

Мұндай деректерді полиция көшедегі патруль кезінде, интернетке мониторинг жүргізу барысында немесе азаматтардың “102” арнасы, мобильді қосымшасы және электронды өтініш беру жүйесі арқылы жолдаған шағымдары негізінде анықтайды.

Құқықбұзушылықты бейне немесе аудиожазба, куәгерлер мен жәбірленушілердің арызы және түсініктемесі, сондай-ақ полиция хаттамалары мен өзге де материалдар дәлелдей алады. Ал мұндай айғақтар болмаса, әкімшілік іс қозғалмайды.

Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық орында балағат сөз айту 2023 жылғы 6 наурыздан бері ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылып келеді.

Бұған қоса, ІІМ 2026 жылғы 8 қыркүйекте көліктен немесе портативті колонкадан былапыт сөздер аралас музыканы қатты қосу да белгілі жағдайда осы нормаға жатуы мүмкін екенін түсіндірген. Егер мұндай жағдай түнгі уақытта болса, тыныштықты бұзу дерегі де қосылуы ықтимал.

Сондықтан қоғамдық орында айтылған бір ауыз боқтық сөздің өзі камераға түсіп, қоғамды сыйламау ретінде бағаланса, айыппұлға немесе әкімшілік қамауға әкеп соғуы мүмкін.