«Сәнді сыйлық – шоколадтағы құлпынай, дәмханадағы дайын салат пен көкөністердің қалай жуылғанына ешкім кепілдік бере алмайды»
Сурет: ЖИ
Бүгінгі таңда паразиттік аурулар ең өзекті медициналық мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балалары арасында гельминтоз (құрт аурулары) жиі тіркеледі. Балалардың айналадағы әлемді қолмен ұстап тануы, балабақшалар мен ойын алаңдарындағы тығыз байланыс, сондай-ақ, қарапайым жеке гигиена дағдыларының әлі толық қалыптаспауы олардың ағзасын «үнсіз жаулардың» ордасына айналдырады.
Қалыптасып үлгерген фаст-фуд мәдениеті, жуылмаған жеміс-жидектерді жол-жөнекей жеу, шикі немесе шала піскен тағамдарды пайдалану және үй жануарларымен тығыз қарым-қатынас ересектердің де ағзасына паразиттердің енуіне жол ашуда.
Паразиттер – денсаулықты іштей кеміретін «үнсіз жаулар». Олар ағзада жылдар бойы ешқандай белгі бермей өмір сүріп, иммунитетті біртіндеп әлсіретуі мүмкін. Созылмалы шаршауға, тері аллергиясына және балалардың когнитивті әрі физикалық дамуының баяулауына әкеледі. Сол себепті ағзада құрттардың болуы жай ғана қолайсыздық емес, шұғыл назар аударуды талап ететін медициналық проблема.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Жер шары халқының төрттен бір бөлігінен астамы (24%-дан астамы) гельмдеу, яғни ішек паразиттерін тасымалдайды.
Профессор, биология ғылымдарының докторы, ОрММУ маманы Галина Николаевна Соловыхтың мәліметінше, әлемде жыл сайын паразиттік аурулардан (соның ішінде малярия мен ішек гельминтоздары бар) 1 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал жалпы инфекциялық аурулардың өлім-жітім көрсеткіші 17 миллионға дейін жетеді.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сенсек, республика аумағында бір жылда орта есеппен 6 мыңға жуық паразиттік аурға душар болған жан тіркеледі. Паразиттің әр түрі адам денсаулығына өзіндік залал келтіреді.
Таспа құрт. Тамақпен бірге түскен барлық пайдалы витаминдер мен минералдарды сорып алып, ағзаны жүдетеді. Артық салмақ қосу, үнемі аштық сезімі немесе керісінше тәбеттің жоғалуы, бірден себепсіз салмақ жоғалту осының салдары.
Аскарида. Белсенді тіршілік ету барысында уытты токсиндер бөліп, ағзаны жүйелі түрде улайды. Бұл терідегі аллергиялық бөртпелерге, бронх демікпесіне ұқсас белгілерге және бастың жиі ауыруына әкеледі.
Қылқұрт. Ішектің шырышты қабығына жабысып, оны зақымдайды. Ұсақ қантамырларды зақымдау арқылы созылмалы қан жоғалтуға, яғни қаназдық (анемия) пен үнемі меңдеп тұратын созылмалы шаршауға себеп болады.
Бізқұрт (острица). Әсіресе балалар арасында жиі кездеседі. Түнде сыртқа шығып, қатты қышу тудыратындықтан, ұйқыны бұзады, баланың жүйке жүйесін тітіркендіріп, мазасыздану мен ашушаңдыққа әкеледі.
Бауыр сорғышы (описторх). Қолданбалы паразитология және инфектология ғылыми-зерттеу институтының баяндамаларында Еуразия аймағында описторхоз (бауыр сорғышы) инфекциясын жұқтырудың 90%-дан астамы тұщы су балықтарын (тұқы, сазан, лещ, т.б.) шала пісіру немесе дұрыс тұздамау салдарынан болатыны айтылған. Ол бауыр мен өт жолдарын зақымдап, ауыр қабыну процестерін тудырады. Ас қорытуды бұзып, өт ағысын бөгейді.
Паразиттер ағзаға қалай түседі? Жұғудың басты жолдары
Бұл қауіпті организмдер күнделікті тұрмыста байқалмайтын қарапайым жолдар арқылы денеге енеді.
Ас-тұз арқылы (алиментарлы жол). Тұздалған немесе шала пісірілген балық, шикі ет (әсіресе фарш, кәуап), жуылмаған көкөністер, жеміс-жидек пен көк шөптер – паразит жумыртқаларының негізгі мекені.
Лас су мен топырақ. Қайнатылмаған, сүзгіленбеген суды ішу немесе ашық су айдындарында шомылу кезінде суды байқаусызда жұтып қою арқылы жұғады. Сонымен қатар, бау-бақшада топырақпен жұмыс істегенде қолды мұқият жумау да басты себептердің бірі.
Тұрмыстық-контактілік жол. Ақша, есік тұтқалары, қоғамдық көліктегі тұтқалар мен смартфондар арқылы қолға түсіп, ауызға енеді.
Отандық жоғары санатты инфекционист дәрігер Айнұр Досжан:
«Соңғы кездері аскаридоз бен өзге де гельминтоз түрлерінің жиілеуі қоғамдық тамақтану және дұрыс жуылмаған өнімдермен тығыз байланысты. Мәселен, сәнді сыйлыққа айналған шоколадтағы құлпынайлар, дәмханалардағы дайын салаттар мен көкөністердің қалай жуылғанына ешкім кепілдік бере алмайды» деген Тенгриньюс порталы арқылы ұсынған ақпаратында.
Үй жануарларының қаупі
Үй жануарлары паразиттердің тасымалдаушысы әрі аралық иесі болып табылады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша, эхинококкоздың негізгі тасымалдаушысы иттер мен мысықтар. Эхинококкоз — бауыр мен өкпеде ісік тәрізді кисталар түзетін, кейде хирургиялық отамен ғана емделетін өте ауыр ауру. Мысықтардың нәжісі арқылы токсоплазма паразиті тараса, иттердің жүнінде эхинококк құрттарының жұмыртқалары болуы мүмкін.
ДДСҰ сарапшыларының атап өтуінше, эхинококк жұмыртқалары жануарлардың жүнінде айлап сақталуы мүмкін. Жануарды сипап, қолды жумастан тамақтанған жағдайда паразит ағзаға оңай енеді. Зерттеулер эхинококкоздың алдын алудың ең тиімді жолы – үй жануарларын жылына 4 ретке дейін (тоқсан сайын) дегельминтизациялау екенін дәлелдеген.
Жануарларды сүю, олардың аяқ-қолымызды жалауына рұқсат ету, бір төсекте ұйықтау паразит жұмыртқаларының адам ағзасына тез өтуіне жағдай жасайды. Үй жануары көшеде жүріп келгенде жүніне паразит жұмыртқаларын іле келеді, ал олар үйде кепкен соң шаңмен бірге ауаға таралуы мүмкін.
Маңызды! Үй жануарыңыз уақытылы вакцинацияланып, паразиттерге қарсы дәрі ішіп тұрса да, оны ұстағаннан кейін қолды сабындап жуу темірдей тәртіп болуы тиіс.
Паразиттердің бар-жоғын қалай білуге болады?
Егер сізде себепсіз шаршау, терідегі бөртпелер, іштің кебуі, көз астының қараюы, көздің қышуы немесе тәбеттің бұзылуы байқалса, бұл ағзаны тексерту қажеттігін білдіретін алғашқы белгілер.
Инфекционист дәрігер Айнұр Досжан:
«Қазір интернетте беттегі безеуден бастап депрессияға дейінгі барлық ауруды паразиттерден деп түсіндіретіндер көбейді. Алайда, барлық ауруды паразиттерге жаба беруге болмайды. Ең бастысы — дұрыс диагностика. Қазір бір тамшы қан арқылы немесе электромагниттік аппараттармен паразит анықтайтын псевдо-ғылыми әдістер қаптап кетті, бұл – жай ғана маркетинг. Паразиттің бар-жоғын тек дәстүрлі зертханалық анализдер ғана нақты көрсете алады» деп ескертеді.
Сондай-ақ, маман сақтық шаралары туралы мынадай кеңес айтады:
«Жарты жылда бір рет паразиттен тазартатын дәрі ішіп тұрамын» деген түсінік – адамдар жіберетін ең үлкен қателік. Бұл әдіс иттер мен мысықтарға жақсы, ал адам ағзасы үшін өте қауіпті. Паразитке қарсы (антигельминтикалық) дәрілер бауыр мен жүйке жүйесіне уытты әсері бар күшті рецептурлық препараттар. Себепсіз дәрі ішудің зияны: паразит жоқ болуы мүмкін, ал дәрі бауырды зақымдайды. Сондықтан емдеу курсы тек анализ арқылы паразиттің нақты түрі анықталған соң, дәрігердің тағайындауымен ғана жүргізілуі тиіс».
Сақтану жолдары:
1. Гигиена. Тамақ ішер алдында, даладан келген соң және жануарларды ұстағаннан кейін қолды сабындап жуу.
2. Өнімді өңдеу. Ет пен балықты толық пісіріп, көкөністер мен жемістерді ыстық сумен мұқият жуу.
3. Үй жануарларын күту. Ит пен мысыққа әр 3 ай сайын дегельминтизация (паразитке қарсы дәрі) жасау.
4. Таза су. Тек қайнатылған немесе сүзгіленген су ішу.
5. Алдын алу. Жылына 1-2 рет дәрігердің кеңесімен отбасы мүшелерімен бірге ағзаны паразиттерден тазарту курсынан өту.
Өзіңізден немесе жақындарыңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, өз бетіңізше емделмей, міндетті түрде терапевт немесе инфекционист дәрігерге көрініңіз.
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
БАЛАНЫҢ ТІЛІ АНЫҚ БОЛМАСА: Қандай жағдайда дәрігер көмегі керек?


