Баланы АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеудің 4 әдісі

0
186

Осы әдістер арқылы баланы тыңдату оңай.


Баланы АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеудің 4 әдісі

Фото: pexels.com

Көп ата-ана айғайлау – балаға тәрбие берудің тиімді әдісі деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, айғайлау – тәрбиенің ең әлсіз тәсілі. Сондай-ақ ол баланың психологиясына кері әсер етеді.

  • Баланың өзін-өзі бағалауына зиян келтіреді.
  • Оны қорқақ немесе агрессивті етеді.
  • Сенімді қарым-қатынасты бұзады.
  • Баланы өтірік айтуға итермелейді.
  • Айғайға үйренген бала оны елемей, басқа сөзді де тыңдамайтын болады.
Не істеу керек? Балаңызды ұруды, айғайлауды доғарып, саналы түрде тәрбиелеудің мына төрт әдісін қолданыңыз.



1. Көзқарастың күші

Бала эмоцияны сөзден гөрі көзқарастан тез түсінеді. Байыппен, терең қарау – жауапкершілікке шақырудың ең әсерлі жолы.

Мысал: 5 жасар Айсұлу ойыншықтарын шашып, жинамай қойды. Анасы ашуланбай, байыппен қарап:
– Айсұлу, бөлмең ретсіз болып кетіпті ғой. Неге жинамағансың? - деді. Сосын қызына ұзақтау тіке қарады да шығып кетті. Айсұлу анасының көңілі қалғанын түсініп, ойыншықтарын жинауға кірісті.


2. Үнсіз кідіріс

Айғайға айғаймен жауап беру – жағдайды ушықтырады. Сабырлы үнсіздік балаға эмоциясын реттеуді үйретеді. Бала тыңдамаса, бірер минут үндемей, терең тыныстаңыз. Бұл сізге де, балаға да ойлануға мүмкіндік береді.

Мысал: Дүкенде баласы қымбат машинаны ұстап, сатып әперуін сұрады. Анасы ақшасы жеьпейтінін, ойыншығы көп екенін айтқанымен баласы айқайлап жылады. Еденге жатып алды. Анасы ашуланбай, үнсіз заттарын алып, кассаға барды. Баласына назар аудармады. Ол дүкеннен шыққанда бала тынышталып, соңынан ерді.


3. "Екі таңдау" әдісі

Балалар бұйрықты емес, таңдауды ұнатады. Таңдау беру балаға еркіндік сезімін сыйлайды. Мысалы:
- Бөлмеңді қазір жинайсың ба, әлде шай ішіп алған соң ба?
- Қызыл жейдеңді киесің бе, көкті ме?
- Бірінші есеп шығарасың ба, әлде тақпақ жаттайсың ба?

Мысал: 7 жасар Әлібек сабақ оқығысы келмеді. Әкесі: “15 минут қазір оқисың ба, әлде кешке 30 минут оқисың ба?” - деп сұрады. Әлібек таңдау жасап, қазір оқуды бастады.


4. Ойынға айналдыру

Балалар ойын арқылы тез үйренеді және айтқанды орындайды. Күлкілі тәсілдер оларды дұрыс әрекетке итермелейді. Мәселен, ойыншықтарын жинамаса "Кім тез жинайды: сен бе, мен бе?" деп жарыс ұйымдастырыңыз. Жуынғысы келмесе "Су сені сағыныпты. Суды ұстаймыз ба? Жүр" деп қызықтырыңыз.

Мысал: 4 жасар Мадина тамағын жемеді. Анасы: "Мадина ханшайымның асханасына патшайым тағамы жеткізілді! Қане, ханшайым, жейсіз бе бұндай тағаиды?" деп әзілдеді. Мадина күліп, тамағын жеді.


Қысқа-нұсқа: Бір ауыз сөзбен айтсақ, баланың жүрегіне жол табу үшін сөзден бұрын сезім маңызды. Оны түсінуге тырысыңыз, сонда ол сізді тыңдайды. Махаббатпен тәрбиеленген бала айғаймен бұйырғаннан артық нәтиже көрсетеді.

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз

Көзқарас: ЕНЕні "МАМА" деп атаған ДҰРЫС па?

Өзіңді ЖЕҢУдің ОҢАЙ 4 жолы