​Бала тәрбиесінде ең көп кездесетін ҮШ қателік

0
1 102

Сіз бұл қателіктерге жол беріп жүрген жоқсыз ба?


​Бала тәрбиесінде ең көп кездесетін ҮШ қателік

Фото: ашық дереккөзден алынды

Ата-ананың негізгі міндеті – перзентіне жақсы тәрбие беріп, өз бетінше өмір сүруге бейімдеу. Яғни өмірдің аламанына қосуға физикалық, эмоционалдық, психологиялық тұрғыда сау тұлғаны даярлау. Ал тұлға тәрбиелеу барысында мынандай қателіктерге жол бермеген жөн дейді психологтар.



1. Шектен тыс қатал болу

Балаға шектен тыс қатал болу оның психологиялық және эмоционалды дамуына кері әсер етеді. Қатал тәрбиенің жағымсыз салдары көп.

Біріншіден, баланың өзіне деген сенімі азаяды. Ата-анасынан ешқашан қолдау көрмейтінін сезінеді, бұл оның болашақта өзін-өзі төмен бағалауына әкеледі.

Екіншіден, қатал тәртіп баланың ата-анасына деген қорқынышын оятады. Ата-анасынан қорқатын бала ашық қарым-қатынас орната алмай, өз сезімдері мен ойларын жасырын ұстауға тырысады. Яғни қатал тәрбие бала мен ата-ана арасындағы байланысты әлсіретеді.

Үшіншіден, қатал тәртіп балада ата-анасына деген қарсылық сезімін тудырады. Ол ата-анаға қарсы шығу арқылы өзін қорғауға тырысады немесе керісінше, агрессивті болып, өздерін қорғай алмайтын жағдайға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар тым қатал ата-ана қорқыту немесе жазалау әдістерін қолданады. Бұл баланы тек уақытша тәртіпке келтіргенімен, оның ұзақ мерзімді нәтижелері теріс болатынын есте ұстаған абзал.

КЕҢЕС: Үй – түрме немесе әскери мектеп емес. Тәрбиеде жұмсақтық пен қаталдық теңгерімі болуы қажет. Ұрсу, жазалау дұрыс-ақ, бірақ баланың мақтауға лайықты әрекеттерін көргенде құшақтап, еркелетуді де ұмытпаңыз.



2. Салыстыру

Баланы басқа баламен салыстыру оның эмоционалды және психологиялық саулығына зиян тигізеді.

Бала үнемі басқа балалармен салыстырылып отырса, оның өзіне деген сенімділігі төмендейді, өзін-өзі кемсітетін көзқарас қалыптасады. Өзіне көңілі толмайтын, өзін үнемі бақытсыз сезінетін адамға айналуы мүмкін.

Салыстырулар баланың басқа адамдарға, әсіресе өз қатарластарына қарсы көзқарасын туындатады. Бұл баланың сыныптастарымен, достарымен қарым-қатынас құруына кедергі болады. Сонымен бірге бала бәсекелестікті бірінші орынға қойып, өмірі тек жарысумен, ата-анаға өзін дәлелдеумен өтеді.

КЕҢЕС: Әрбір бала ерекше, оның өзіндік даму жолы, қабілеттері мен мінезі бар. Әр баланың күшті және әлсіз жақтары болады. Сондықтан да оны басқалармен емес, өзімен салыстыру маңызды, оның өткен жетістіктері мен алға басқан қадамдарына көңіл бөліңіз. Сол кезде бала өзін жақсартуға ұмтылады және өзін қолдау көретінін сезінеді.



3. Баланы тыңдамау

Баланы тыңдамау – оның сезімдерін, ойларын және қажеттіліктерін елемеу дегенді білдіреді. Жиі қайталанатын бұндай әрекет балада "мен құнсызбын" деген түсінік қалыптастырады. Бұл оның өзіне деген сенімділігін төмендетіп, болашақта өз пікірін білдіруден қорқуына әкелуі ықтимал.

Бала өз сезімдері мен ойларын білдіре алмайтын ортада өссе, болашақта оларды жасыруды үйреніп, өз сезімдерін білдіре алмауы мүмкін. Бұл психологиялық қиындықтарға алып келеді.

Тыңдалмаған балалар кейде назар аударту үшін тентектік те жасай бастайды. Ата-ананың назарын аударудың жалғыз жолы ретінде дөрекі мінез-құлықты немесе басқа мәселелі әрекеттерді таңдайды.

КЕҢЕС: Бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас тыңдау арқылы қалыптасатынын есте ұстаңыз. Баланың сезімдері мен ойларын тыңдап, ашық қарым-қатынас жасау – оның дамуы мен бақытты болуына қосатын ең тиімді әдіс.


Ата-ананың осы үш-ақ қателігі баланың дамуына, болашағына көп кедергі келтіреді екен. Егер бала тәрбиесінде осындай қателіктерге жол беріп жүрсеңіз, ең бірінші перзентіңізден кешірім сұраңыз. Кешірім сұрау арқылы сіз ондағы психологиялық және эмоционалды тұрғыдағы бөгеттерді жоясыз. Содан соң баланың жеке тұлға ретінде дамуына қолдау көрсетіп, оның сезімдері мен қажеттіліктерін құрметтеу арқылы тәрбиедегі қателіктеріңізді түзеңіз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Квадробика: жасөспірімді қалай қорғаймыз?

Вундеркинд баланы тәрбиелеуде маңызды 7 нәрсе