"Қадіріңді білмейтін жерден қаш!": жас келіншек әйелдерге денсаулығы мен жүйкесін сақтауға кеңес берді

0
264



"Таксидемін. Таксист радионы қосты. Журналист "Қадіріңді білмейтін адамға періште болсаң, қанатыңның дауысы мазасын алады" деп, біреумен сұқбаттасып жатыр. Ене мен келін тақырыбы қозғалуда...

"Ех!" деп күрсіндім. Жақында ғана әжем айтып берген оқиға есіме түсті. Әжем бір көршісі туралы айтып еді. “Гүлжәмиламен ауылдағы ата-енеммен бірге тұрғанда көрші едік. Ол қара шаңырақтың келіні еді. Біз көзімізді тырнап ашып жатқанда ол сиырларын сауып, сүтін пісіріп, айран ұйытып, құрт жасап, ауласын сыпырып үлгеретін. Есігінің алды таза болса да күнде сыпырады. Ошағы күйе болмаса да күнде түнде ақтап жатады. Кір жуғыш машинасы бола тұра, енесінің талабымен балаларының киімін қолмен жуып отыратын. Тоқты үнемдеу керек екен.

Күйбең тірлікті бәріміз істеп жүрміз ғой, бірақ оның енесі өмірді қиындатып қойған. Тәлпіштеніп газға қайнаған суды ішпейді енесі. Самаурынға шай қояды. Тандырға нан жапқызады. Қашан көрсең ошақ басында жүргені. Қонақ та үзілмейді ғой шіркін.

Үйде сол әйелді әңгіме қылсам, енем "ешкім тірліктен өлмейді" дейтін. Иә, егер жүйкесі тыныш болса, ауырып қалғанда тынығып демалса, ем алса өлмес. Ал күні бойы енесі әр тірлігіне мін тағып ызыңдаса, түнімен мас боп келген күйеуі миын жесе адам өледі. 46 жасында өлді. Артында бес баласы қалды.

Бұл оқиға енелерге де, келіндерге де ой салса екен деп, мен үнемі еске алып айтып отырам” деген-тұғын әжем. Әжемнің жастық шағында болған бұл оқиғаны енді мен бүгінде енелер келіннің тірлігін қиындатпауды, ал келіндер барлығына жағамын деп өзін ұмытып кетпеуді ойласа екен деп, айтып жүрмін.

Мен бе, иә, мен өзімді бірінші орынға қоям, бәріне бірдей ұнайтын ақша емес екенімді білем. Ешкімді тыңдамай бөлек шығып кеткенмін. "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?" демекші, жайлы жерден ешкім қашпайды ғой.

Біз үш келінбіз. Мен кенже келінмін. Үш қайын апам, екі қайын сіңлім бар. Қайын әпкелерім төркіншіл. Тыныш кетпейді. Әр іске мұрнын сұғып, енемді қайрап, ортаға от салып кетеді. Студент екі қайынсіңлімнің тұрғаны, отырғаны бәрі міндет. Енем қыздарының сөзіне ереді. Мүмкін кенже келін қолда қалады, жуасытып көнбіс етіп алайық дейтін шығар. Бірақ мен шыдай алмадым. Дұрысы, шыдағым келмеді. Екі баламды жетектеп кетіп қалдым. Төркініме емес, қалаға. Күйеуім әпкелерінің мінезін жақсы біледі, бір айдан соң ол да қалаға келді.

Ортаншы келін, яғни абысыным пәтер жалдап тұратын. Үйі жоқ демесең, күйеуі де, өзі де жақсы табыс табатын. Қалада жүре бергенде қазір баспана да алар еді-ау?! Енем оны қара шаңыраққа шақырыпты. Үлкен баласының атына үйді жазған соң ол ауылда тұруға келісім берді. Мен "Олар жүйкеңді мүжиді енді" деп едім, "Мен оларды жеңем" деген.

Содан бері он жыл уақыт өтті. Жеңе алмады, жеңілді. Жүйкесі сыр беріп, ауруы көбейген. Қан қысымы көтеріліп кете береді. Сол баяғыша қайынәпкелер тыныштық бермейді.

Мен бұл жазбаммен қара шаңырақтан қаш деп жатқан жоқпын. Түртпектей беретін, тыныштық бермейтін, қадіріңді білмейтін жерден қаш деймін. Өзіңді, денсаулығың мен жан тыныштығын бірінші орынға қой. Енелер айтпақшы, ешкім тірліктен өлмейді, бірақ қадірсіздіктен шаршайды адам. Күйзеліс сол жерден басталады.

Бәрінің көңілін табам, барлық туысқанға жағам деп, өзіңді ұмытып кетпе. Мамам марқұм 50 жасқа келсе де ағайын-туыстың қазан-ошағының басында ыдыс жуып, қамыр жайып жүретін. Той-жиын болатын үйге ерте барып, кеш қайтатын. Тіпті той болатын үйдің келіндері әсемдік салонға барып боянып отырғанда анамның тойға дайындалудың орнына ағайынның үйінде ыдыс жуып жүргенін көріп ашуым келетін. Сол күні көңіл күйін құртпайын деп ертеңіне ренішімді айтам. Ал анам "Үлкендерге қызмет жаса, келіндеріңнен қайтады" дейтін. Ал өзі келін көрмей өтіп кетті өмірден.

Иә, орта жастан асса да әркімнің үйінде жас келін сияқты қызмет еткен анам жүрек дертінен кетті. Жүдә көнбіс еді анам. Әркімнің көңілін табам деп өзі күйреп кетті ғой анашым. Жүрек дерті оның үнсіз жиналған өкпе-ренішінен болған шығар. Анам әжемнің көршісі сияқты өте еңбекқор еді. Операциядан шықса да қыш тасып әкеме көмектесетін. Ал әкем анамның топырағы қатпай жатып басқа әйел алды...

Анамның өмірі маған сабақ болды. Сондықтан да "Келін де – адам. Өмір тек өзгелерге қызмет ету үшін берілмеген. Өзіңді бірінші орынға қой" дегенді ұстанам."