ГАРВАРДТа тегін ОҚУҒА болатынын білдіңіз бе?

0
192

Әлемдегі ең беделді білім ордаларының бірі Гарвард университеті өзінің көптеген курстарын еш ақысыз ұсынады.


ГАРВАРДТа тегін ОҚУҒА болатынын білдіңіз бе?

Қазіргі жастар үшін білім алу бұрынғыдан да қолжетімді, ыңғайлы және қызықты болып отыр. Университетте оқып жүріп-ақ жаңа мамандық игеруге, тілді жетілдіруге немесе менеджменттің негіздерін терең меңгеруге толық мүмкіндік бар. Ең кереметі — бұл мүмкіндіктердің басым көпшілігі тегін. Тіпті әлемдегі ең беделді білім ордаларының бірі Гарвард университетінің өзі көптеген курстарын еш ақысыз ұсынады. Төменде студенттерге арналған ең пайдалы онлайн-платформалар мен солардағы бағытыңызға сай тегін курстар туралы толық ақпарат берілген.


IT: бағдарламалау, веб-дизайн, деректерді талдау тегін курстары

IT саласы — әлем бойынша ең жылдам дамып жатқан бағыт. Ең қуаныштысы, оны нөлден бастау үшін қомақты қаржы қажет емес. Coursera платформасында Google, Meta және IBM компанияларының курстарын “audit” режимінде тегін оқуға болады. “Python for Everybody”, “Google IT Support” және “Meta Front-End Basics” секілді курстар IT-ді енді бастаған студентке өте тиімді.

Stepik платформасы да интерактивті тапсырмаларымен қолайлы. Python, SQL, машиналық оқыту сияқты курстар студенттер арасында өте танымал. Ал freeCodeCamp толықтай тегін және практикалық жобалар арқылы үйрететін ең ірі платформалардың бірі саналады.

IT бағытында ең жоғары деңгейдегі мүмкіндіктердің бірі — Гарвард университетінің өз курстары. Олар edX арқылы ашық түрде қолжетімді. Әлемге танымал CS50: Introduction to Computer Science бағдарламасы — көптеген жас маманның IT саласына қадам басуына себеп болған курс. Сонымен қатар “Web Programming with Python and JavaScript”, “Understanding Technology”, “Introduction to Data Science with Python” секілді Гарвард курстарын да тегін тыңдауға болады. Тек сертификат қажет болған жағдайда ғана төлем жасалады.


Шет тілдері: ағылшын, түрік, корей — бәрі қолжетімді

Бүгінде тіл үйрену бұрынғыдан да жеңіл. Duolingo ағылшын, түрік, корей, испан секілді тілдерді ойын түрінде қызықтырып үйретеді. BBC Learning English кәсіби ағылшын деңгейін дамытқысы келетін студенттерге пайдалы. Ал Busuu қосымшасының артықшылығы — жазбаңыз бен сөйлеуіңізді native speaker-лер тексеріп, кері байланыс береді.

YouTube-тағы “English with Lucy”, “Learn English with TV Series”, “Talk To Me In Korean” сияқты арналар да толықтай тегін әрі әліппеден бастап терең деңгейге дейін үйретеді.

Гарвард университетінің де тіл мен коммуникацияға қатысты тегін курстары бар. Мәселен, “Rhetoric: The Art of Persuasive Writing and Public Speaking” курсы ағылшын жазылымы мен сөйлеу мәдениетін дамытады. Ал ағылшын тілін кәсіби ортада қолданғысы келетіндерге арналған курстар студенттердің сөздік қорын, ойды жүйелі жеткізу дағдысын жақсартады.


Менеджмент және кәсіпкерлік: көшбасшылық, жобалау, маркетингті де тегін үйрене аласыз!

Студент кезінен менеджмент пен кәсіпкерлікті меңгеру — болашақ жұмысқа үлкен артықшылық. Google Digital Garage платформасында цифрлық маркетинг, жобаларды басқару, өнімділік секілді маңызды бағыттар бойынша тегін курстар бар. Coursera мен edX платформаларында Yale, Michigan, Wharton сияқты танымал университеттердің менеджмент курстары ашық түрде ұсынылады.

Гарвард университеті менеджмент бағыты бойынша да құнды курстар ұсынады. Мысалы, “Entrepreneurship in Emerging Economies” курсы бизнес бастауға қызығатын студенттерге экономикалық трендтер мен нарық механизмдерін түсіндіреді. “Justice” және “Contract Law” секілді курстар болашақ заңгерлер мен менеджерлер үшін идеалды. Ал ғылымға қызығатындар үшін “Fundamentals of Neuroscience” шешім қабылдау психологиясын түсінуге көмектеседі.


Қазіргі студенттің мүмкіндігі — шексіз. Қолында интернеті болса, әлемнің ең үздік университеттерінен білім ала алады. Қымбат курсқа жазылмай-ақ IT, тіл, менеджмент бағыттарын нөлден бастап кәсіби деңгейде меңгеруге жол ашық. Тіпті Гарвардтың курстарының өзі қолжетімді екенін білу — студент үшін үлкен мотивация.

Тек бастысы — күн сайын 30–40 минут оқуға уақыт бөліп, алған біліміңізді тәжірибеде қолдану. Осылайша тегін платформалар арқылы бір жыл ішінде өз салаңызда мықты маман болуға толық мүмкіндік бар.