"​Үлкен ұлымның салмағынан шошыдым"

0
214


Сурет: media.istockphoto.com

Айша атты келіншек ERNUR.KZ порталының оқырмандарына "Аздаған қиыншылықтарға төзіп, оны бұзып-жарып өтіп кетуді ойласаң, барлығы да ойдағыдай болады екен" деген кеңесін жолдайды.


"Алғаш рет ана атанатын кезде қуанышым қойныма сыймай жүрген. «Аз уақыттан соң балам дүниеге келеді, мен ана боламын!» деген қуанышым тез-ақ басылып қалғандай болды. Өйткені, өте ауыр босандым. Дәрігерлер босану кезінде дұрыс күшене алмадың деп өзімді айыптаса да, шын мәнінде нәрестенің ірі болғанын, ал жамбас сүйегімнің тар екенін айтты. Сәбидің салмағын естігенде шошып кеттім.

Бірінші балам ғой, жаңа туған шақалақтың салмағы жайлы, қанша болуы керектігі жайлы бұрын білмейтінмін. Сол жердегі босанып жатқан келіншектерден нормаға сай баланың салмағы қанша болатынын түсіндім. Бірақ менің балам үлкен салмақта болды. Сондықтан, босану ауыр өтті.

Жүру мүмкін болмады, әрбір қозғалысым ауырсынумен және айқаймен өтті. Палатада үш келіншек болып жаттық. Бір өзбек келіншек төртінші рет босанған екен, тіпті босанбағандай жеп-жеңіл жүріп-тұрды. Оған қарап қызықтым. Ауруым жаныма батып, айқайлап сәбилерді оятып, жас босанған аналардың да тыныштығын ұрладым. Екінші келіншек қазақ еді. Маған жаны ашып, өзі де қиналып тұрғанына қарамастан, ұлымды маған әкеліп беретін. Өйткені, орнымнан тұруым да өте қиын болды. Үш күн бойы дәрігерлер ешқандай диагноз қоймады. Тек үшінші күні ғана рентгенге апарып түсіріп, «симфизит» деген диагноз қойды. Стрестен сүтім де шықпай, бала аштықтан шырылдап жылайтын.

Содан ауруханада сегіз күн жатып, тоғызыншы күні носилкамен үйге шығарды мені. Перзентханадан шығарылуымды керемет етіп елестеткен едім. Суретке түсіп, гүл алып, қуанышпен думандатып шығамын деген ойым іске аспады. Мұның барлығы адамға дені сау болғанда ғана керек екен.

Мен ғана емес, айналамдағылардың да көңілсіз, ренжулі жүздерін көрдім. Күйеуім екеуміз мүмкін болатын қиындықтардың бәрін жеңуге дайын болдық. Осы күнге дейін қол ұстасып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қиын жағдайда бір-бірімізді жігерлендіріп, бір-біріміздің ақсауларға жол бермей, өмірдің барлық жағдайларын бастан өткереміз. Емделдім, содан кейін бала тууға қорқып қалсам да, тәуекел етіп, тағы төрт перзенттің ата-анасы атандық.

Қазір оңайырақ, балалар өсті. Үлкен баламыздан кейінгі қызымыз студент, үшеуі мектепте оқиды. Ал үлкен ұлым сол босанудағы қиындықтарға байланысты ма екен, көп ауырды, аурушаң болып өсті. Қазір эпилепсиямен есепте тұрады. Осы ұлыма қатты алаңдаймын, үнемі дәрі ішіп жүреді.

Өзім отбасында жалғыз қызбын. Маған әпке-сіңлі, аға-іні жетіспейтін. Ал күйеуім көпбалалы отбасында өсті. Соған қарап өмірге көп бала әкелсем, олар бір-біріне бауырмал, қамқор болса деп армандадым. Содан болар, 5 баланы өмірге әкелдім. Кейде анам балаларым кішкентай кезде жаны ашып: «Осыншама баланы туып, қайтпексің? Үлкеніңнің денсаулығы мәз болмай тұрғанда» дейтін. Қазір керісінше, немерелерін көрсе, мәз-мейрам болып қалады. Айтпағым, аздаған қиыншылықтарға төзіп, оны бұзып-жарып өтіп кетуді ойласаң, барлығы да ойдағыдай болады екен."