"Шындықты тіке бетке айтам": тараздық азамат көңілге қарамай сөйлеудің өкінішке ұрындыратынын айтты

0
269

"Кейбір ерлі-зайыптылар отбасылық кикілжіңнен соң бір апта тұрмақ, айлап сөйлеспей жүреді"


Сурет: i.pinimg.com

"Кейде адам мәңгі өлмейтіндей өмір сүреді ғой. Бәлкім ол да дұрыс шығар.

«Адам өлмейтіндей өмір сүріп, ертең өлетіндей пайдалы нәрсемен айналысып, құлшылық, ғибадат жасау керек» деген екен бір ғұлама. Бірақ, біз қаншалықты осы ақылды ұстанып жүрміз? Барлығымызды осы сұрақ ойландыруы тиіс деп ойлаймын."

ERNUR.KZ оқырмандарына осы сауалды жолдайды тараздық Жағыпар.


"Тымырайып, қытымырланып, болмашы нәрсеге ұрыс-жанжал шығару өміріңізді текке кетіріп, жүйкеңізді тоздырып қана қоймай, өміріңіздің мәні мен мағынасынан айырмай ма?! Елестетіп көріңізші, сіз ренжіген немесе ренжіткен адам бүгін жаныңызда болса, ертең болмасына кім кепіл?! Бітті... Ол адамнан кешірім сұрайын десеңіз, таппайсыз. Сіздің ренжігеніңіз, жек көргеніңіз, оған да сол сезімді сезіндірем деп кектенгеніңіз түкке де тұрғысыз болып қалады.

Өкінесіз. «Қап, олай істемеуім керек пе еді?» деген арман ғана қалады жаныңызда. Сондықтан кеш болып қалмай тұрғанда ойланыңыз!

Мұның барлығын не үшін айтып жатыр деп ойларсыздар. Оған себеп болған - ойландырған бір оқиға.

Жақында бір танысымның бесінші сыныпта оқып жатқан қызы өмірден өтті. Ауырмай-сырқамай, өз аяғымен шапқылап жүрген. Жазым шығар, ойда жоқ жерден құлап қалады да, ауруханаға жеткен бойда жан тәсілім етеді. Ата-анасы қырыққа аяқ басқан жандар еді, перзентінің қайғысына сене алмай, жер тепкілеп жылап, ботадай боздап артында қала берді. Сол кезде қыздың мектептегі сыныптастары мен мұғалімдері келді. Оларды көргенде қарап тұрған адамның көзіне еріксіз жас келеді екен. Ол да сол желкілдеп өсіп келе жатқан солардай балалардың бірі еді ғой. Ойынға, мейірімге, махаббатқа тойды ма екен байғұс қыз?

Айтайын дегенім - өмірдің қысқалығы. Тірімізде бір-біріміздің қадірімізді біліп, бағалайық. Көңілдерді ауыртпай, сыйласып өмір сүргенге не жетсін?!

Көңіл демекші, арамызда «Мен бетің бар, жүзің бар демей, шындықты тіке бетке айтам. Мінезім осындай» деп оңды-солды сөйлейтін, көңілге ауыр тимейтіндей айтуды білмейтін, айтқанның жөні осы екен деп ішіндегі бүкіл уын шашатын адамдар бар емес пе? Сондай адамдарды аса жақтыра қоймаймын, шыны керек. Өйткені кейде сол «бетке айту» біреудің жүрегіне өшпестей дақ түсіреді. Адамды сындырып қоюы да мүмкін ондай ащы сөздер. Сондықтан, адамның көңіліне қарап мәміле түзген де дұрыс, меніңше. Әсіресе сенің «бетке айтуың» адамның көңілін қалдырғаннан басқа ештеңені өзгерте алмаса...

Ерлі-зайыптылардың арасында туындап жататын кикілжің, ыдыс-аяқтың сылдыры нәтижесінде бір апта тұрмақ, айлап сөйлеспей жүретіндер де болады екен. Бұл - текке кеткен уақыт, босқа сүрген өмір.

Ұсақ-түйек түйткілдер үшін бір-бірімізді жек көріп, жамандап, текке жүйкемізді тоздырып өмір сүріп жатқанымыз да денсаулығымызға орасан зиян келтіріп жатқанын түсінсек игі еді. Мысалы, жай ғана кешірім сұраудың өзін намыс көріп, қаншама адам кеудесін ренішке толтырып жүр. Қателігі үшін кешірім сұрау сорлылық емес, керісінше, арадағы сыйластықты сақтап қалады. Осы бір ауыз сөз ортадағы алынбастай көрінген «қамалды» бұзып, екі әлемді жарқыратып жіберерін білсек те, мойнымызға алғымыз келмейді.

Өмірді, өтіп жатқан уақытты бағалайық. Әрбір сәттің шуағын, әсерін сезініп қалуға тырысайық. Налысаң да, ашулансаң да, қуансаң да, жыласаң да, уақыт таразысына бәрібір. Зымырап өтуінен жаңылмақ емес. Ертең емес, қазір, бір минуттан соң не боларын білмейміз. Сондықтан, ең қымбат байлығымызды, бізге берілген мүмкіндікті, өмірді керексіз нәрселер үшін қор қылмай, мағыналы, пайдалы етіп сүрейік!"