Роскосмос мәліметінше, барлық техникалық операциялар штаттық режимде сәтті өткен.
Сурет: Telegram/РосКосмос
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 26 сәуірде сағат 03:22-де Қазақстан уақытымен Байқоңыр ғарыш айлағы аумағынан Халықаралық ғарыш станциясына жүк кемесі – "Прогресс МС-34" ұшырылды. Оны орбитаға "Союз-2.1а" зымыран-тасығышы жеткізді, деп жазады Zakon.kz.
Роскосмос мәліметінше, барлық техникалық операциялар штаттық режимде сәтті өткен. Атап айтқанда:
- кеме белгіленген орбитаға шығарылды;
- зымыранның үшінші сатысынан ажыратылды;
- антенналары мен күн батареялары ашылды.
Мәліметте айтылғандай, жүк кемесінің Халықаралық ғарыш станциясымен түйісуі 28 сәуірде Мәскеу уақытымен сағат 03:01-де жоспарланып отыр.
ХҒС-ты жабдықтауға арналған 95-миссия аясында "Прогресс" кемесі орбитаға шамамен 2,5 тонна жүк жеткізеді. Оның ішінде:
- станцияны қайта жанармаймен қамтамасыз етуге арналған 700 кг отын;
- 420 кг ауыз су;
- станция атмосферасын толықтыруға арналған 50 кг оттегі бар.
Сонымен қатар, кеме ХҒС-74 экипажы мен станция жүйелеріне қажетті 1348 кг құрғақ жүк жеткізеді. Оның қатарында жаңа "Орлан-МКС" №8 скафандры да бар.


