​«Несиеге той жасап, өкініп отыр»: тараздық әйел аға-жеңгесінің қиын жағдайда қалғанын айтып берді

0
1 755

«Ас-ауқатын қарызға алып жейтін болған»


​«Несиеге той жасап, өкініп отыр»: тараздық әйел аға-жеңгесінің қиын жағдайда қалғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Той төңірегінде айта берсең әңгіме таусылмаса керек. Қазір тойдың нағыз қызған шағы, қыздарын ұзатып, ұлдарын үйлендіріп, ат шаптырып сүндет той жасап жатқандар өте көп. Десе де таяуда бір ағамыздың қызы үн-түнсіз, алаулатпай-ақ, жалаулатпай-ақ бір жігіттің етегінен ұстап кете барды. Екі жақтың келісімі солай болыпты. Жігіт шығыс жақтан келіп, қыз Шымкенттен шығып, екеуі жол жүріп кете барды. Хабаршы, қуғыншы, қалың мал, өлі-тірі деген нәрсе болмады. Естігенде аңтарылып қалғанымыз рас. Бірақ кейде сол жастардың шешімі де дұрыс па деп қаласың. Өйткені ағам мен жеңгем келін алам деп қарызға белшеден батып, қазір соның уайымынан ауырып қалды", - дейді Роза есімді тараздық оқырман.


Төркінінде болған оқиғаны Роза ханым ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ағам мен жеңгем тұңғыштарын үйлендіріп, той жасады. Басқа қалада тұрғасын төркінге көп бара бермейсің ғой, той күні тойханаға әрең жеттік. Автотұраққа көлігімізді қойып, түсе бергеннен жастардың шулаған дауысы естілді. Артынша қаздай тізілген алты джип келіп тоқтады. Іле-шала жастар бірінен соң бірі түсіп, гүрсілдетіп отшашулар атқылай бастады. Жастар жағы өте көңілді. Әдемі, ұлпа қардай аппақ көйлек киген келін мен інімнің қуанышында шек жоқ. Екеуін құттықтап, бақыт тілеп ішке кірдік.


Той өте жақсы өтті. Қымбат гонорар сұрайтын асаба, елге әжептеуір танылып қалған үш-төрт әнші жүр. Бірі тойдың басында асығыс екі-үш ән айтып кете барса, екіншісі ортасында келді. Бишілердің де түр-түрін шақырыпты. Ал дастарханда ине шаншар орын жоқ. Шоколадты субұрқақ, жеміс-жидектен жасалған мұнара дейсің бе, құс сүтінен басқаның бәрі тұр. Мұның бәрінің тегін келмейтінін ішім сезіп тұр. Туған ағам мен жеңгемнің жағдайын жақсы білем, артық-аспай ақшалары жоқ, «әбден шашылыпты ғой, енді осы шығынның орны жабылса етті» деп уайымдап үлгердім. Күйеуім де қарап отырмай «біздің қайынаға үндемей жүріп ақшаны басып тастаған ба деймін» деп тамсанды.


Тойдың ертесіне демалыс еді, төркінге бір күн қонайық деп қалдық. Ертеңіне ағам мен жеңгем үйіне қонаққа шақырды. «Құдайға шүкір» беріп жатыр екен. Барсақ үйлерін де әдемілеп безендіріп тастаған, дастархан жайнап тұр. Кішігірім той болып жатыр тағы да. Кешегі тойға келген адамның жартысын қайтадан шақырған ба дерсің. Іштік, жедік, би биледік, әзіл әңгімелер де айтылды. Ақ тілекті жаудырып, екінші күнді де думандатып өткіздік. Кейін біразға дейін тойдың қызықтарын айтып, тауыса алмай жүрдік.


Жақында еңбек демалысымды алып, төркінге қыдырып бардым. Барсам анамның мазасы жоқ, үлкен ұлын, жаңағы той өткізген ағамды уайымдап отыр екен. «Мойнына үйіп-төгіп несие іліп алған, төлей алмай қатыны екеуі жылап отыр» деп шет-жағасын айтып қалды. Ертеңіне ағамның үйіне қыдырып бардым. Жеңгем қиын жағдайда қалғанын айтып, мұңын шақты.


«Тойды шамамызға қарай жасайық дегенге анау бала көнбей қойды. «Біз өмірге бір-ақ рет келеміз, бір-ақ рет үйленеміз, жасаған соң жұрттан қалмай жасайықшы» деп қиылып тұрып алды. Райынан қайтарсын деп келінге ақылымды айтып едім, ол да баламның сөзін қостап шыға келді. «Ақшаны қайтеміз?» жеп едім, ұлым бір досының банкте істейніні айтып, үйді кепілге қойдырып үш миллион теңге несие алдырды. «Әй, кредит деген әкеңнің қазынасы емес, оны ертең қалай қайтарамыз?» деп ағаң екеуміз осыншама шырылдадық. «Мен тұрғанда дым уайымдамаңыздар, бәрін өзім төлеп құтылам, уәдем – уәде» деп отырып алды.


Дүрілдетіп той өткізгенімізді қайтейін, бәріміздің жалақымыз кредитке кетіп жатыр. Кредит төлеп отырмын деп тамақ жемей тағы отыра алмайсың. Анау Қонысбайдың магазинінен қарызға азық-түлік ала беріп, оның қарызы 100 мыңнан асып кетіпті. Кеше келіп ит-терімді басыма қаптап кетті. «Бүйтіп бишара болатының бар, кредит алып той жасаған не теңім?!» деп мазақтап кетті. Өзімнен жасы кіші адамның алдында кірерге тесік таппай қалдым. «Қатырам, төлеймін деген ініңнің түрі анау, жұмысынан шығып қалып таксовать етіп жүр, тапқаны машинасын жөндеуге кетеді» деп жеңгем жыларман болды.


Мен не дейін, дап-дардай адамдар ғой. Алды-артын ойламай тірлік қылғандарына ашулансам да өзімді ұстадым. Қалтамда он мың теңгем бар еді, «әлгі Қонысбайға берерсіздер» деп тастап кеттім. «Балам қоймады» дейді. Бала деген өмірдің ащысын татып көрмеген сарыауыз балапан емес пе? Ағам екеуі жабылып титтей балаға сөзін өткізе алмаса несіне ата-ана болып отыр?!


Кейде осы біз, ата-аналар балаларымыздан ештеңені аямаймыз деп қиындықты өзіміз тудырып жүрген жоқпыз ба? Қалай ойлайсыздар?