"Матрасқа орап тастай бергенмін": босанған келіншек акушерлерге қалай күлкі болғанын айтты

0
182

Екінші баламды босанарда алдыңғы күлкі болғаннан қалай ұялғанымды ұмытып кеткем.


Сурет: Pinterest

Дүниеге бала әкелу – біршама физикалық күшпен бірге, ішкі рухты керек ететін ерлік. Әсіресе, екінші, үшінші, төртінші... балаларда. Алғашқы жүктілікте қанша жерден оқып, сұрап, дайындалсаң да, не боп, не қоярын егжей-тегжейлі білмейсің ғой. Ащы толғақтың ауырсынуы бойыңнан өтпегесін, толық сезінбейсің.

Бұл көпірден бір өтіп, барлық ауыртпашылығын біле тұра, қайта айналып келе беретін әйелдер неткен мықты дерсің?! Сондай мықтылардың бірі - Балжан атты оқырманның ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желідегі аккаунтына жолдаған жазбасын ұсынамыз.


"Әр баланы дүниеге әкелуде қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Кейде өзің білместен, байқамастан, өте күлкілі жағдайға түсесің. Мен тұңғышымды босанғанда сондай болғанмын.

Біріншімде әр толғақ қысқан кезде кереуеттің матрасын тастай қылып орап тастай бергенмін. Орап бола бергенде толғақ қайтып, ауырсыну басылған ғой. Ақымақ басым соны «Осыны орасам, ауырғаны қояды екен» деп ойлаппын. Ол кезде өзім әлі баламын ғой, толғақтың ауыртып келіп, қайтып басылып тұратынын қайдан білейін.

Басылған кезде акушерлерден ұялып, матрасты жайып қоямын. Қайта қысқанда атып тұрам да, қайта ораймын. Қатты, түзу, тастай қылып орасам, рақаттанып қаламын.

Осылай қанша рет орап-жазғаным есімде жоқ, әйтеуір босанып болғасын акушерка мен пол жуатын апай «Неше түрліні көріп едік, матрасты жинап-жайып туатын әйелді бірінші рет көрдік» деп әбден күлген.

Екінші баламды босанарда алдыңғы күлкі болғаннан қалай ұялғанымды ұмытып кеткем. Бұл жолы толғақтың жанымды көзіме көрсететінін алдын ала біліп, жеңілдететін жолды да алдын ала іздедім. Сөйтіп, «Күлсе күле берсін, ешкімге қарамаймын, матрасты орағым келсе, орай беремін» деп ойлап келгенмін ғой. Бір-екі рет толғақ қысқанда матрасқа қолымды созсам, орағым келмейді. Өзімді күштеп орасам да, ешқандай сезім жоқ. «Бұл жолы алдыңғыдай көмектеспеді» деп матрастан көңілім қалып, ренжігенім бар.

Міне, осылай. Әр босану – әйел үшін бір тарих, жанры аралас кино! Соңында басты рөлді сомдаған анаға «Оскар» емес, ең тамаша жүлде – тәтті бөпесі табысталады. Осы сәттің кереметін сезіну үшін аналар бәріне барады, бәріне көнеді, бәріне дайын."