Сурет: s3.castbox.fm
Адамның өмірі құдды бір кино секілді. Көркем шығарма етіп, әсірелеп, көркемдеп жазса кез келген адамның өмірі бір шығармаға, бір киноға арқау болары сөзсіз.
ERNUR.KZ порталының оқырманы өткен өмірін айтып бергенде кино көріп отырғандай болғанымыз рас.
"Ол жағдайдан бері жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, жан жарасы да, тән жарасы да ізім-ғайып жоғалып кетпеді. Бірде ғаламтордан «жаныңды жеп, іштей қинаған бір азабың болса, қағаз бетіне жазып шықсаң жеңілдеп қаласың» дегенді оқыған едім. Жеңілдедім бе?... Шынымды айтсам, білмеймін.
Сонымен, айтарыма көшейін. Кеңестік кезең құлап, тоқырау заманы келгенде жұрттың бәрі күнкөріс қамымен жанталасып жүрген шақтар. Сол жылдары ауылда күнкөріс қиын болғандықтан, Алматыға келіп, вокзал маңынан сәл төмендеу жерде орналасқан екі бөлмелі кішкене ғана үйді жалға алып тұрып жаттық. Ол кезде жас отбасымыз, күйеуім, мен, қызымыз үшеуміз ғанамыз.
Мен қызымды балабақшаға орналастырып, өзім де сонда жұмысқа кіріп алдым. Күйеуім бір жерде күзетші болып жұмыс істеді. Ол кезде жұмыстың түріне қарамасың, табылғанына қуанасың ғой. Солай Алматыдағы күндеріміз өтіп жатты.
Бірде айтып келмей, Шымкент жақта тұратын абысыным есікті ашып тұр. Ол кезде алдын ала хабарласып, ескертіп келетіндей әр адамның қолында ұялы телефон жоқ. Сол күні түнде күйеуім түнгі ауысымға жұмысқа кеткен еді. Сөйтсем, абысынымның жай ғана келмегені түсінікті болды. Таңға дейін екеуміз сыр шертістік, анығы ол мұңын шақты. Ұзын-сонар сөзінен ұққаным, көмек сұрай келіпті.
Бір ауыз сөзбен айтсам оның әңгімесі мынау: «Күйеуім араққа салынып кетті. Бес баланы асырау мүмкін емес. Енді көмектеспесеңдер қайыр тілеп кететін түріміз бар. Барлық туған-туыс бізден бас тартты. Өйткені «ол» арағын қояр емес. Алайда күйеуім «егер Алматыдағы інім қол ұшын созса, арақты қойып, адам боламын. Жұмысқа тұрамын» деп ант-суын ішті». Шыны керек, аяп кеттім. Оларды емес әрине. Мына кең заманда тойып тамақ ішпей жүрген, «көршілері әкеп беретін бір тостақ макаронға қарап қалған» шиеттей балаларды ойлап, бей-жай қала алмадым. Оларға қатты жаным ашығаны соншалықты, өзіміз әрең күн көріп жүргенде біреуге көмектесуге жағдайымыз жоқ бола тұра жолдасымның бауыры ғой деп жарты нанды бөлісіп жеуге шешім қабылдадым.
Бірақ күйеуіме бұл жайлы айтқан кезімде ыршып түсті. «Басың істей ма сенің? Олар келсе қалай сиямыз мына жерге? Ауылда күнін көре алмай отырса, Алматыға келіп қалай күн көрмекші олар? Неге шақырдың?» деп бұлқан-талқан болып ашуланды.
Ал мен өзімше жоспар құрып қойғанмын. Қайнағам негізі құрылысқа ебі бар кісі. «Егер сондай бір құрылыс жұмысын тауып берсек, жұмыс істеген соң ішпейтін шығар. Оның үстіне осы жерден үй салсақ деп жоспарлап жүрміз ғой, жерге жинаған ақшамыздан жетпегеніне несие алып жер сатып алсақ, ары қарай қайнағам үйдің жобасын біледі ғой, сен көмектесіп, бітіріп алайық. Ары қарай өздерінің де жағдайлары оңалып кетер. Ары-беріден соң, бауыр сенікі ғой» деп едім күйеуім ойланып қалды. Сонымен не керек, олар көшіп келді.
Барлығы мен айтқандай болды. Жалдап тұрып жатқан үйімізде ерте көктемнен қара күз түскенше бірге тұрдық.
Сол жылдары ауылдағы жағдай қатты қиындап кетті. Жарық, сусыз қалған сондай бір ауылда менің әке-шешем тұрып жатты. Менен басқа ата-анамды ойлайтын ешкімнің жағдайы жоқ. Сол үшін де күйеуіме айтып, тездетіп жер алып, үй салуды бастап кеттік. Сөйтіп бір бөлмесін бітіріп, қайнағам сонда көшті отбасымен. Біздің жұмысымызға ол жер алыс, оның үстіне қайнағам тұрып жатқан үйдің бір бөлмесі ғана біткен. Олардың балалары көп болған соң, сол жақта тұрып, майда-шүйде жұмыстарын бітіре береді ғой деп ойлағанбыз.
Солай екінші бөлмесін біткенде «Ауылдағы әке-шешемді көшіріп алайық. Біраз тұра тұрсын, содан кейін бір мәнісі болар», - деп едім, бірден келісті. Өйткені, күйеуім де олардың қалай қиналып жүргенін көріп жүр. Мен де оның туған бауырының отбасына жанымды салып, жағдайымыз бұдан да мүшкіл кезде көмек берейік деп жанталасқанымды көрген соң маған деген құрметі артқан болатын.
Солай көрші болып қайнағамның отбасы мен менің ата-анам төрт-бес ай тұрды. Сол төрт-бес ай мен үшін оңайға соққан жоқ. Әкем мен қайнағам екі күннің бірінде ұрсысып қалады. Сөйтсек, қайнағамның ішкені былай тұрсын, ол біздің төбе жабамыз деп сатып алып, жинап қойған ағаштарымызды шетінен отқа жағады екен және де балалары үйдің бітпей тұрған бөлмесін қыстай дәретхана жасап шығыпты. Ал әкем оған ескерту жасаған. Қысқасы, осы.
Әрине, екі жақты сабырға шақырмақ оймен күйеуім екеуміз талай мәрте «татуластырып» кетеміз. «Мақұл, мақұлмен» жүріп, екеуінің беттері ашылып кетті. Кешкі апақ-сапақ кез болатын. Ас дайындап жатыр едім, сау етіп әке-шешем келіп тұр. Түрлерін көріп, талып қала жаздадым. Алпыстан асқан әкемнің басынан сорғалап аққан қан, бетін жуған. Бір көзі қатты ісіктен мүлде көрінбейді. Қолындағы шүберекпен қанды әрең тоқтатып тұр. Анам байғұс қорыққаннан аяқ-қолы дір-дір етеді Шашы ұйпа-тұйпа. Ішін басып, жерге отыра кетті. Сөйтсем, бұл іс қайнағамнан келген екен. Кезекті жанжал туындаған болуы керек, қайнағам тағы да ішіп алған дейді, анамның шашынан уыстап ұстап алып, ішінен бірнеше рет теуіпті. Менің қандай күйге түскенімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Көзімнің алды қарауытып кетті. Алпыстан асқан қарт адамдарды осылай қан жылатқан ол осындай жауыз ба еді?
Өз өзімді ұстап тұра алмадым, сыртқа шығып, такси ұстап сойқан болған үйге қалай келгенімді қазір еміс-еміс қана білемін. Есесіне үйдің ішінде болған оқиғаны мәңгі ұмытар емеспін. Ата-анам күйеуіме болған жайды айтып жатқанда, орнымнан тұрып сыртқа шығып кетіппін. Келсем, ол жалғыз екен, кейін естідім, сол күні қатын-балаларын да соққыға жығып, барлығы үйден қашып кеткен екен. Үйде екеуміз ғанамыз. «Аға, мұныңыз не?» деп айтып үлгергенім жоқ, жағыма ауыр жұдырық кеп тигенде, қалбалақтап барып, ұшып түстім. Содан кейінгі тепкі одан асып түсті.
Есімді аурухана төсегінде жидым. Күйеуім соңымнан іздеп келгенде есімнен танып жатқан екенмін. Соққының салдарынан «ми шайқалу» диагнозын қойды дәрігерлер. Содан кейін туыстық, бауырлық қарым-қатынасымыз үзілді. Қазір қайнағама деген өкпем қара қазандай болса да, абысыным мен балаларына жаным ашиды. Алайда күйеуім бас тартып отыр бәрінен."