Тараптар тиісті уағдаластыққа қол жеткізді.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Өткен аптада Моңғолия президенті У.Хүрэлсүхтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Баян-Өлгий аймағына қатысты үш маңызды мәселе бойынша келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы аталған аймақтың әкімі Е.Зангар мәлімдеді. Ол делегация құрамында Қазақстанға келген болатын, деп жазады inbusiness.kz.
Біріншіден, тараптар Баян-Өлгий мен Өскемен қаласы арасында тікелей әуе рейстерін қайта жандандыру туралы шешім қабылдап, тиісті келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Моңғолияның Жол және көлік министрлігі Баян-Өлгий аймағына халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыруға рұқсат берді.
Екіншіден, екі ел арасындағы ең қысқа автожол бағытын анықтау, оны салу және пайдалануға беру туралы келісім жасалды.
Үшіншіден, тараптар Баян-Өлгий аймағында Қазақстан Республикасының консулдығын ашу жөнінде уағдаласты.
Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы "Өскемен – Рубцовск – Барнаул – Туэкта автомобиль жолы – Моңғолия шекарасы" тасжолының ұзындығы 1 604 шақырымға тең. Енді жаңа автожол салынса, бұл шақырым екі есеге дейін қысқармақ.


