"Кімге күйеуге шығатынымды 7-сыныпта таңдадым"

0
276


Сурет: pinterest.com

"Әкем үнемі "Қыз мұраты – кету. Ал мақсаты – сәтті тұрмысқа шығу" деп айтып отыратын. Бұл сөз бала күнімнен санама сіңді. Мен ешқашан "үй алам", "өзім кәсіп бастаймын", "ата-анама көлік әперем" деп ұмтылған емеспін. Себебі бала күнімнен әйелдің бақыты сүю мен сүйіспеншілікте, қорған болар ердің жанында екенін түсініп өстім. Үнемі анамның "Қыз баланың күйеуі тәрбиелі, білімді, табыскер, еңбекқор болса, онда бағының жанғаны. Менің өмірімдегі ең сәтті таңдауым – әкелерің" деген сөзін естідім. Бойжеткен шағымнан "Қыз баланың ең үлкен жетістігі - жақсы күйеу тапқаны" деп құлағыма құйған."

Бұл ERNUR.KZ порталының оқырманы - Гүлназдың жазбасы. Оның хатындағы назар аударар бір тұсы - ата-ана мен қыз баланың арасындағы нәзік те берік байланыс болса керек. Бала кезден әке-шешенің мейіріммен берген бағыты қыз баласын бақытты өмірге алып кетгені таңдай қағарлық әрі қуанарлық жайт екен.


"Анам – мен үшін нәзіктік пен бақыттың символы. Таңмен таласа жұмысқа жүгіріп кетіп, кешқұрым шаршап оралғанын еш көрмеппін. Ешқайда асықпай, аптықпай үйдің берекесін кіргізіп, әрдайым күтімді, жайдары қалпында жүретін.
Үйге қонақ келсе – аспаз шақырады, ыдыс жуатын көмекші болады, ертесі күні клининг қызметін ұйымдастырып үлгереді. Бұл анамның еркелігі емес, әкемнің оны аялап, жағдайын жасап отырғанының белгісі еді. Анам ондай өмірге лайық болатын. Сол үлгіні көріп өскен мен де әкем сияқты азаматты таңдадым.
Сенесіз бе, мен оны мектеп партасынан таптым. Бір күлкілі, бірақ естен кетпейтін сәт есімде.

7-сыныпта оқып жүрген кезіміз. Мұғаліміміз: "Кім болғың келеді?" деп сұрақ қойды. Шетінен жауап беріп жатыр. Сыныптасым Дастанның жауабы есімде жатталып қалған. Ол орнынан тұрып:
– Мен бай болам. Ақшам көп болады. Әйеліме машина, алтын, бриллиант алып берем. Сосын шетелдерге апарып қыдыртам! - деді паңдана.
Мұғалім күліп:
– Жарайсың, Дастан! Арманыңа жете ғой! - деді. Сосын сұрақты жалғастырды. Кезек маған келгенде абдырап қалдым. Өйткені біздің отбасымызда бұл тақырып еш қозғалмаған. Мұғалім сұрақты қайталады. "Гүлназ, кім болғың келеді?" деді. Сәл ойланып:
– Мен Дастанның әйелі болғым келеді! - дедім.

Сынып жарылып күліп еді сол кезде. Ал мен жай ғана анамның "еңбекқор, арманы көп, дәулетті жігітті таңдаңдар" деп айтатын сөзі есіме түсіп айттым.

Сол бала күнгі айтқаным – бүгінгі шындығым. Дастан қазір менің күйеуім. Жүрегі кең, еңбекқор, отбасына адал азамат. Мен сол бала кезде айтқан өмірді шын мәнінде кешіп жатырмын.
Қазір қарап отырсам, кейбір ата-аналар қыздарына "Сен бізді шетелге апарасың", "Бізге үй алып бересің", "Біз саған үміт артамыз!" деп айтып жатады. Бірақ сол сөздер қыз баланың иығына тым ауыр жүк артады. Ол қыз кейін тек ата-анасының үмітін ақтаймын деп, өз өмірін ұмытып кетеді. Тұрмысқа шықса да "өзім, өзім жетем, өзім жасаймын" деп жүріп, нәзіктігін жоғалтады. Еркекке орын қалмай қояды.

Ал әйел бақытты болуы үшін бірінші кезекте өзін әйел сезінуі керек. Оның жанында қамқор, сенімді, арқа сүйер азаматы болуы керек. Сондай-ақ ол еш ойланбастан "Менің ең сәтті таңдауым – күйеуім" деп айта алуы қажет. Ал ата-аналар қызына осыны үйретуі керек. Сонда мен сияқты бақытты әйелдер көп болар еді."