"Немерелерімнің анасы, ұлымның сүйген жарысың ғой. Сендердің бақытты болғандарыңды көру үшін құрбан болуға да дайынмын"
Сурет: i.pinimg.com
"Иә, ондай жағдай да өтті басымыздан. Қазір, шүкір, өткен шақтың еншісінде қалды. Бәлкім әр адамның ішінде өркөріректік, эго болатындықтан, бір-біріне иілмеу болып тұратын шығар. Бізде де сондай болды деп ойлаймын" деп өміріндегі жағдайды есіне алды ERNUR.KZ оқырманы.
"Ол кезде менің келін болып босаға аттағаныма үш жыл болған. Енемнің істеген ісіме көңілі толмай алғашқы рет ескерту айтқаны болатын. Ал мен ата-анамнан мұндай сөздерді естімегенмін. "Ол маған билік ете алмайды, мен де адаммын, өз қалауымша жасаймын. Келін деген күң емес, оның да өз ойы мен пікірі бар" деген насихатқа тойып алған кезім ғой. Бір жағынан, жаспын. Алды-артымды ойлап тұрған жоқпын. Мен де өзімдікін дұрыс деп, енеммен сөз таластырдым.
Әйтпесе, анам маған бұлай үйретпеген. "Қашан да үлкен кісі сөйлеп тұрғанда аузын жауып, бетпақтанба. Ұрысқа жақын болма! Енең не десе де "Жарайды, кешіріңіз!" десең, ұтылмайсың" деп үйреткен ғой.
Әрине, аналар қызына жаман болсын демейді, кейде біз жастықтың буымен қателіктер жасап жатамыз.
Мен келін болып келгенде «қызымдай көремін» деген енемнің сөзіне сеніп, «қызындай боламын» деуші едім. Бірақ, сөз жүзінде солай айтылғанымен, іс жүзінде ене мен келін арасындағы шекараны дұрыс белгілеу керек екен.
Шынымды айтсам, енеммен бастапқыда өте жақын болдым, оған қызындай еркелеп жүретінмін. Өте қатты жақын да болдым. Күліп-әзілдестім де, сырлас құрбы да болдым, қызы да болдым, келіні де болдым. Бірақ келінді қызымдай көремін деген нәрсеге қарсымын. Өз басымнан өткен соң айтып отырмын, барлық адам өзінің орнында болуы керек. Ене ана орнында бола алмайтыны сияқты, келін де қыздың орнында бола алмайтынын түсіну керек. Келінге қызындай емес, келіндей қарап, енеге анасындай емес, енесіндей құрметтесе арадағы сыйластық та, бір-біріне деген құрмет те бұзылмайды. Барлық нәрседе шекара болуы керек.
Үш жылдан соң, енем екеуміздің арамызда қатты реніш болып, біраз уақыт бір-бірімізге қарамай, сөйлемей жүрдік. Екі ортада күйеуіме қиын болды. «Анамды ренжіттің» деп ол маған өкпелеп, енем «келіншегің маған шаптығып сөйледі» деп ұлына өкпелеп, қысқасы үйіміздің берекесі кетті. «Бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн береке кетеді» деп ата-бабамыз қалай тауып айтқан. Шынында да күніміз қараңғыда өтіп жатқандай сезімде болдық.
Ақыры енем шыдамады, бөлек шығарып жіберді. Содан кейін тағы да екі жыл бойы ренішімді ұмыта алмай жүрдім. Енеммен мүлде сөйлеспеймін. Күйеуім барып келеді, мен бармаймын. Бірақ енем ақылды кісі ғой, ұлына «мені сыйламады, ажырас, басқасына үйлен» деп ашумен болса да айтпаған, қайрамаған. Күйеуім де өте сабырлы, ақылды жан. Мені аманат етіп алған соң, бірден «маған анама қарсы сөйлейтін әйел керек емес» демей, енем екеуміздің арамызды жақындатып, барынша өкпе-ренішті ұмыттыруға тырысты.
Бір күні енем қатты ауырып қалды. Сонда мен өз қатемді толық түсініп, ол кісінің алдына жылап бардым. Мен секілді ақымақ әйел ұлына да, өзіне де лайық емес екенін айтып, кешірім сұрадым. Қуып жіберсе де ренжімейтінімді айттым. Өйткені, екі жылдық үнсіздік маған қатты ауыр тиді. Енем де соның кесірінен ауырып қалды ғой. Ішімдегінің барлығын айтып, осы кезге дейін қиналғанымды, енемнің орны бөлек екенін, қадірін түсінбегенімді айттым. Енем сонда төсекте жатыр ғой, басымнан сипап, «Ақымағым-ау, мен сені баяғыда кешіргенмін. Мен де үлкендік жасай алмай, сенің шымбайыңа бататын сөздерді айтсам, кешір, балам. Немерелерімнің анасы, ұлымның сүйген жарысың ғой. Сендердің бақытты болғандарыңды көру үшін құрбан болуға да дайынмын» дегенде екеуміз де құшақтасып, көпке дейін солықтап жылап алдық. Бар өкпе-реніш көз жасымен жуылып жатқандай.
Қазір, шүкір, енем де жақсарды, мен де қара шаңыраққа жиі-жиі барып, күліп-ойнап қайтамыз. Ең бастысы, күйеуім риза, балаларым мәз. Бір үйдің берекесін алған осындай ұрысқа барынша жол бермеуге тырысайықшы!"


