​Ер-азаматтарға кеңес: ренжісуден татуласуға дейінгі нақты қадамдар

0
234

Қадамдарды дұрыс орындасаңыз, жарыңызбен қайта тіл табысып, отбасындағы үйлесімділікті қалпына келтіре аласыз.


​Ер-азаматтарға кеңес: ренжісуден татуласуға дейінгі нақты қадамдар

фото: ЖИ

Ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас гүл секілді өте нәзік келеді. Оны баптап, күтіп, мәпелей білу керек. Ал ер мен әйел арасындағы реніш — гүлдің өсуіне кедергі келтіретін дерт немесе арамшөп іспеттес. Дұрыс күтім жасай алмай, арамшөптің басып кетуіне жол берген жағдайда гүл солып, қурап қалады. Ал қарым-қатынаста реніш жиі орын алса, дұрыс баптау, күту болмаса адамдар ажырасып, жаңа серік іздей бастайды.

Дегенмен адамдардың көбі өз некесін бағалайды және оны сақтап қалуға тырысады. Әсіресе әйелдер көп жағдайда бірінші кешірімге келеді және ренжіскенде «олай жасамау керек, былай айтпаған жөн» деген кеңестер олардың тарапына жиі айтылады. Бірақ, біз бүгін үлкен жанжалдан кейін жарымен қалай татуласу керектігі жөнінде ер азаматтарға арналған кеңесімізді ұсынамыз.


Сабыр сақтап, үзіліс жасаңыз

Тізгінді тартып, сабырға келіңіз. Сізге де, жарыңызға да күйзелістен арылып, болған жайтты саралау қажет. Тек екі жақ та басылғаннан кейін ғана татуласуға қадам жасаған жөн.


Өз қателігіңізді мойындаңыз

Қателік жібергеніңізді түсініңіз. Жағдайды саралап көріңіз, сізді ашуға мінгізген немесе теріс жолға итермелеген не нәрсе? Осының себебін тапсаңыз, өзіңіз үшін тосын қорытындылар жасауыңыз мүмкін. Кінәні сезінген кезде ғана кешірім сұрауға дайын екеніңізді түсінесіз. Жарыңызға не айтатыныңызды мұқият ойластырыңыз, қажет болса, қағазға жазып алыңыз.


Кешірім сұрайтын ыңғайлы уақыт пен орын таңдаңыз

Қай жерде сөйлесетініңізді алдын ала ойластырыңыз. Кешірімді үйде, балалар жоқ кезде немесе тыныш дәмханада отырып сұрауға болады. Орынсыз жерде ашық сөйлесуден аулақ болыңыз. Себебі айналадағы адамдар ойды жинақтауға, ішіңіздегіні толық шығаруға кедергі келтіруі мүмкін. Егер үйде сөйлесетін болсаңыз, шай дайындап, жайлы жағдай жасаңыз. Мұндай маңызды әңгіме кезінде ішімдік немесе ауыр тағамдардың болмағаны дұрыс. Ол да ойыңызды бөледі, дұрыс жеткізе алмай қаласыз.


Тәкаппарлықты шетке ысырыңыз

Сөйлеспес бұрын менмендігіңізді бір шетке ысырып қойғаныңыз жөн. Әйтпесе ол татулыққа емес, жанжалдың өршуіне алып келеді. Егер қателікті мойындау сізге тым қиын болса, демек өзіңізді тым жоғары бағалайсыз. Мұндайда психологтың көмегіне жүгінген немесе тиісті кітаптар оқығаныңыз дұрыс.


Әңгіме кезінде шынайы болыңыз

Кінәңізді мойындап, кешірім сұрағанда барынша ашық болыңыз. Жарыңыз ішіңіздегі жасандылықты бірден сезеді. Егер қазір өтірік айтып кешірім алсаңыз, болашақта сенімнен біржола айырыласыз.


Жауапкершілікті өз мойныңызға алыңыз

Адам істеген не істемеген ісіне тек өзі ғана кінәлі. «Жұмыста шаршадым», «бастығым нашар», «басым ауырды» дегеннің бәрі жай ғана сылтау. Нағыз ер азамат қателігін мойындай білуімен бағаланатынын ескеріңіз.


Қандай қорытынды жасағаныңызды жеткізіңіз

Кешірім сұрау кезінде болған жағдайдан не түйгеніңізді немесе бойыңыздағы қандай қасиетті өзгерткеніңізді айтыңыз. Негізінде реніштер адамдардың өзгеріп, жұптардың қайта табысуына, өмір жолын бірге жалғастыруына түрткі болуы керек.


Жарыңызды тыңдай біліңіз

Сөзіңізді аяқтаған соң, кезек әйеліңізге келеді. Мұнда екі жағдай болуы мүмкін: біріншісі — ол ақтарылып, өз қорқыныштары мен сезімдері туралы айтады. Оның ішкі тебіренісін түсінуге тырысыңыз. Екіншісі — сізге сын айтып, кінәлауы мүмкін. Сабырлы болыңыз, оның «ішіндегісін тарқатып» алуына мүмкіндік беріңіз. Өз кінәңізді бүркемелемеңіз.


Оның сезімін құнсыздандырмаңыз

Жарыңызбен татуласу кезінде оның ренішін жоққа шығармаңыз. Оның пікірімен келісуіңіз немесе келіспеуіңіз мүмкін, бірақ сіздің іс-әрекетіңізге қалай ренжу керектігін тек оның өзі шешеді. Сондықтан «сенің қаншалықты қиналғаныңды немесе өкпелегеніңді түсінемін» деген сияқты сөздермен оны қолдағаныңыз дұрыс.


Нақты не болғанын біліңіз

Тіпті мәселенің не екенін шамалап біліп тұрсаңыз да: «Сені нақты не ренжіткенін айта аласың ба?» - деп қайта сұраған дұрыс және оны мұқият тыңдаңыз. Ақталудың немесе қарсы шабуылға шығудың қажеті жоқ. Тек қасында болып, мынаны түсіну маңызды: реніш — бұл әрқашан дабыл белгісі, оған құлақ түру керек.


Жағдайды талқылап, егжей-тегжейін анықтаңыз

Ол сөйлесуге дайын болғанда, нақтылаушы сұрақтар қойыңыз. Бұл тергеу емес, бұл - сені толық түсіну мен үшін маңызды, деп айтыңыз. Тек осылай ғана мәселенің мән-жайын ұғынып, алға жылжи аласыздар.


«Сені жақсы көремін» деп айтуға қымсынбаңыз

Бұл қарапайым, бірақ сиқырлы сөз тіпті үзілуге шақ қалған қарым-қатынасты қалпына келтіре алады. Сүйіспеншілігіңізді бетпе-бет те, хабарласып немесе хат жазып та білдіре аласыз. Ең бастысы, бұл сөзді тым жиі, орынсыз айта бермеңіз, әйтпесе оның қадірі кетеді.


Жарыңызға қуаныш сыйлаңыз

Бұл — татуласуды нығайтудың жолы. Жарыңыз сізді кешіргенімен, көңілінде кірбің қалуы мүмкін. Сондықтан оған сыйлық беріңіз. Сыйлықтың түрі жіберген қателігіңіздің салмағына және қаржылық жағдайыңызға байланысты. Кейбір мамандар материалдық сыйлықтан көрі, қамқорлық көрсетуді (сүйікті асын дайындау, киноға апару) ұсынады.


Оған оңаша қалуға мұрсат беріңіз

Кейде оның сезімдеріне құрмет көрсетудің ең жақсы жолы — оны біраз уақыт жалғыз қалдыру. Иә, бәрін бірден талқылап, «жөндеп» тастағыңыз келетіні түсінікті, бірақ оған үзіліс қажет болуы мүмкін. Оған бәрін өз қарқынымен ойлап қорытуына мүмкіндік беріңіз.


Сөзіңізді іспен дәлелдеңіз

Татуласу жай ғана сөз күйінде қалмауы тиіс. «Кешір» деп айту аз — болашақта сол қателікті қайталамау маңызды. Егер айғайлап ренжітсеңіз, келесі жолы мәселені сабырмен шешуге тырысыңыз. Егер зиянды әдеттен арылуға сөз берсеңіз, оны орындаңыз.


Қарым-қатынасты қалпына келтіруді бастаңыз

Енді сезімдер анықталған соң, іске көшетін кез келді. Жәй ғана «кешір» деу — бұл бастамасы ғана. Оған мына сөздерді қосыңыз: «Сенің неге ренжігеніңді түсінемін. Саған ауыр тигеніне өкінемін. Мен мұны түзеткім келеді».


Оған не көмектесе алатынын сұраңыз

Кейде ол өзіне не керек екенін жақсы біледі. Бұл нақты бір іс-әрекет, қолдау сөздері, көмек немесе жай ғана құшақтау болуы мүмкін. Ең бастысы — қарым-қатынасты қалпына келтіру процесіне қатысуға дайын екеніңізді көрсету.


Болашақ туралы сөйлесіңіз

Дау-дамай басылып, кешірім қабылданғаннан кейін, мұндай жағдайларды болашақта қалай болдырмауға болатынын талқылаңыздар. Бір-біріңізді кінәламай, өз идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар. Өйткені қиындықтарды жеңудің ең жақсы жолы — олардан бірге сабақ алу.


Кешірім беру уақытты талап ететінін ескеріңіз

Кешірім сұрағаннан кейін не болады? Кейде бірден татуласып, бәрін ұмытуыңыз мүмкін, бірақ бұл өте сирек кездеседі. Көп жағдайда әйелдерге өз-өзіне келу үшін уақыт керек. Ренжіген адам өзін қорғансыз, төмен сезінеді. Татуласу кезеңі әркімде әртүрлі: біріне апта жетсе, енді біріне үш ай да аздық етуі мүмкін.


Егер жанжалдан кейін ренішті біржола ұмытқыңыз келсе, оны дұрыс істеу керек.

  • Өкпе-ренішті ішке сақтамаңыз, кішкентай мәселенің өзін шешіп отырыңыз. Айтылмаған өкпе жинала келе бір күні үлкен жарылысқа ұласады.
  • Эмоцияңыз басылмай тұрып сөйлесу жағдайды тек ушықтырады.
  • Сондай-ақ, мәселені төсек арқылы шешуге тырыспаңыз.
  • Кінәлі болсаңыз, оны біреуге жаппай тікелей айтыңыз.
  • Өзіңізді іштей мүжіп, шектен тыс кінәлай бермеңіз.
  • Кешірім сұрап, қателікті түсінген соң, жаңа парақтан өмір бастау керек.


Кешірім — бұл бір сәттік іс-әрекет емес, бұл ұзақ процесс. Кейде сенімді толық қалпына келтіру үшін уақыт қажет. Сондықтан барынша сабырлылық танытыңыз. Осы кезеңдегі сіздің басты сенімді серіктестеріңіз — қамқорлық, құрмет және шынайы ілтипат.

Біз ұсынған кеңестердің көмегімен жарыңызбен татуласып, отбасыңызға махаббат пен үйлесімділік оралады деп сенеміз. Сәттілік тілейміз!


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

Қартайғанда бала-шағаның ҚОЛЫНА ҚАРАП ҚАЛМАУ ҮШІН қазір әрекет етіңіз

Махаббат па, әлде тәуелділік пе? Қалай ажыратуға болады?