ТҮРКІСТАН: Отырарлық оқушы Халықаралық таланттар саммитінде арнайы марапат алды

0
92

Бұл жетістік – шәкірттің табандылығы мен ізденісінің ғана емес, сонымен қатар жетекшісінің кәсіби еңбегі мен білікті тәлімінің жемісі.


ТҮРКІСТАН: Отырарлық оқушы Халықаралық таланттар саммитінде арнайы марапат алды

Астана қаласында «Қазақстан – Сириус» II Халықаралық таланттар саммиті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жақында Астана қаласында «Қазақстан – Сириус» II Халықаралық таланттар саммиті өтті. Маңызды шара ғылым мен мәдениет саласындағы білім беру көшбасшыларын біріктіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін берді. Саммит аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Ресей Федерациясындағы «Талант және табыс» білім беру қоры арасындағы стратегиялық әріптестік нығая түсті.

Таланттар саммитіне Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «№1 жалпы білім беретін мектеп» КММ-ның информатика пәні мұғалімі Абылай Мұхтарұлы мен 10 сынып оқушысы Әлімхан Әлинұр қатысып, өз білімін жоғары деңгейде көрсетті. Информатика пәнінен «Сәулет және қала құрылысы бағытындағы жобалық интенсив» тақырыбында жобасын сәтті қорғаған дарынды оқушы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тарапынан арнайы марапатқа ие болды.

Бұл жетістік – шәкірттің табандылығы мен ізденісінің ғана емес, сонымен қатар жетекшісінің кәсіби еңбегі мен білікті тәлімінің жемісі.

Жоба жетекшісі: «Жобаны әзірлеу барысында біз зерттеу жүргізіп, қала тұрғындарының қажеттіліктерін және инфрақұрылымдағы мәселелерді талдадық. Жасанды интеллект құралдарын да белсенді қолдандық. Біздің ұсынысымызда қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көлік қозғалысын оңтайландыру және жасыл аймақтарды көбейту сияқты маңызды аспектілер қарастырылды. Одан бөлек, заманауи сәулеттік шешімдер мен тұрақты даму принциптеріне ерекше көңіл бөлдік. Болашақта қалалардың дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді», деді.

Бөлісу