​Досымжан ЕСҚАРАЕВ: «Көруді ЛАЗЕРЛІК ТҮЗЕТУ – әлемдегі ең қауіпсіз әрі тиімді оталардың бірі»

0
253

Лазерлік түзету диагностикасына барғысы келетін пациент қандай дайындық жасауы қажет?


​Досымжан ЕСҚАРАЕВ:  «Көруді ЛАЗЕРЛІК ТҮЗЕТУ – әлемдегі ең қауіпсіз әрі тиімді оталардың бірі»

Досымжан Есқараев,

«Oscar clinic» көзді лазермен түзету клиникасының офтальмолог-дәрігері


Көру қабілеті нашарлаған жандар көзілдіріктің булануы, линзаны уақытылы ауыстыру, көздің шаршауы мен құрғауы сияқты қолайсыздықтарға төзуге мәжбүр. Алайда бүгінде заманауи офтальмология бұл мәселені небәрі бірнеше минуттың ішінде шешуге мүмкіндік береді. Лазерлік коррекция миллиондаған адамның көзілдірік пен линзадан құтылып, әлемді анық көруіне жол ашты.

Дегенмен көпшіліктің көкейіндегі «Бұл – қымбат, қалтам көтермейтін шығар», «Ота қауіпсіз бе?», «Қай әдісті таңдаған дұрыс?», «Көру қабілеті қайта нашарлап кетпей ме?» деген күдік пен үрей араласқан сезім көзінің шырақтай жануына кедергі.

Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап алу үшін Шымкент қаласындағы «Oscar clinic» көзді лазермен түзету клиникасының офтальмолог-дәрігері – Досымжан Есқараевпен сұхбаттасып, лазерлік көз түзету отасының мүмкіндіктері, артықшылықтары мен шектеулері туралы әңгімелестік.


-Ең алдымен, лазерлік ота деген не және оның түрлеріне тоқталсақ.

-Лазерлік коррекция – бұл көздің қасаң қабығының пішінін өзгерту арқылы миопияны (алыстан көрмеушілікті), гиперметропияны және астигматизмді емдеу әдісі. Соңғы 30 жыл ішінде дүниежүзі бойынша миллиондаған адамдарға көмектескен, әлемдегі ең қауіпсіз әрі тиімді оталардың бірі.

Негізгі үш әдісі бар:

1. FEMTOLASIK немесе LASIK. Ең көп таралған әдіс, мұнда қасаң қабықта кішкене «қақпақша» жасалып, оның асты лазермен өңделеді

2. PRK. Көзінің қасаң қабығы жұқа адамдарға арналған

3. SMILE. Ең жаңа әдіс. Аз инвазивті 2-2,5мм тілік арқылы жасалады. Ол көздің құрғауына бейім жандарға тиімді.

Ота кезінде ауырсынуды басатын арнайы тамшылар тамызылады, сондықтан науқас ештеңе сезбейді. Барлық процесс компьютермен басқарылатын жоғары дәлдіктегі лазер арқылы жүзеге асады.


-Лазерлік ота жасатқысы келетіндерді көбіне «Қай әдіс қауіпсіз?» деген сұрақ мазалайды. Қолданылатын әдісті тексеру кезінде нақты көздің жағдайына қарап дәрігер тағайындай ма әлде науқас өзі таңдай ала ма?

- Негізінде, қай әдіс болса да қауіпсіз. Дегенмен, SMILE әдісінде «қақпақша» кесілмейтіндіктен, қасаң қабықтың құрылымдық тұтастығы жақсырақ сақталады.

Әлемдік тәжірибеде қасаң қабықтың тұрақсыздығы (эктазия) қаупі SMILE-де LASIK-ке қарағанда айтарлықтай төмен: 100 000 отаға шаққанда SMILE-де 11 жағдай, ал LASIK-те 90 жағдай кездесуі мүмкін. Бірақ, ең соңғы «ray-tracing» технологиясын қолданатын жаңа SmartFEMTOLASIK әдісі көру дәлдігі бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп отыр.

Ал таңдауға келетін болсақ, әрине, дәрігер пациенттің көзінің параметрлеріне қарай ең тиімді деген жолын ұсынады. Артықшылықтары мен кемшіліктері толық түсіндіріледі. Ары қарай таңдау пациенттің еркінде.


-Қандай жағдайларда лазерлік ота жасатуға болмайды? Пациенттің жасы рөл ойнай ма?

-Иә, тексеру кезінде барлық ағза жағдайына және жасына да назар аударамыз. Отаны әдетте 18 жастан бастап жасауға болады, себебі бұл жаста көздің өсуі тоқтап, минус тұрақталады. Жүктілік кезде жасалмайды. Емізетін әйелдерге 3-6 айға дейін ота жасауға тыйым салынады, өйткені гормоналды өзгерістер есептеулердің дәлдігіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, глаукома, катаракта немесе қасаң қабықтың тым жұқа болуы сияқты аурулар кезінде және аутоиммундық аурулары бар жандарға ота жасалмайды.

Сурет: ЖИ

-Отадан кейін асқынулар болуы немесе көру қабілеті қайта бұрынғы қалпына келуі мүмкін бе?

- Ең жиі кездесетін жанама әсер – көздің құрғауы, ол әдетте бірнеше аптада басылады. Кейбір кісілерде түнде шамдардың айналасында жарық шағылысуы байқалуы мүмкін. Дегенмен мұның бәрі уақытша әсерлер.

Ал көру қабілеті мүлдем төмендеп, соқыр болып қалу қаупі іс жүзінде жоқ деуге болады. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдай әлі тіркелмеген.

Көру қабілетінің уақыт өте келе қайта нашарлауы мүмкін деген күмән де көп айтылады. Егер ота жасалған кезде минус толық тұрақталмаса, бірнеше жылдан кейін аздап жаңа минус пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, 45-50 жастан кейін кез келген адамда жақыннан көру қабілетінің нашарлауы (пресбиопия) басталады. Бұл отаның сапасына байланысты емес, табиғи құбылыс.


-Лазерлік түзету диагностикасына барғысы келетін пациент нені білуі керек? Алдын-ала дайындық жасауы қажет пе?

-Бірінші айту керек нәрсе, күнделікті өмірде жанаспалы линза тағатын жандар лазерлік коррекция диангостикасына келерден бірнеше күн бұрын линзаны шешкені дұрыс. Жұмсақ жанаспалы линзаны 3-5 күн бұрын шешсе болады. Ал түнгі, яғни, қатты жанаспалы линза болса, онда кемінде бір ай бұрын шешу қажет, сосын барып диагностикаға келгені дұрыс.

Екіншіден, қандай да бір дәрі-дәрмек ішетін болсаңыз, оны міндетті түрде офтальмолог-дәрігерге ескерту.

Қыз-келіншектерге диагностикаға келерде және операция алдында боянбай, жасанды кірпіксіз келуді ескертеміз. Сондай-ақ, отаға көлік айдап келмеуді көп пациент есінен шығарып алады. Отадан кейін екі-үш сағаттай көз жасаурайды, сондықтан қайтар жолда көлік жүргізе алмайтыныңызды ескеріңіз.


-Дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы лазерлік түзету отасының орташа бағасы мен отадан кейінгі шектеулер туралы айтсаңыз?

-Қазақстанда бағалар шамамен 250 000 - 800 000 теңге аралығында. Бұл жерде клиниканың көрсететін қызметтері, ондағы жасалынатын жағдай, дәрігердің біліктілігі, пациенттің нақты жағдайы, басқа да факторлар ескеріледі. Сол үшін нақты айту қиын, баға әртүрлі болып келеді.

Науқастардың көпшілігі 1-2 күннен кейін үйреншікті тіршілігіне, жұмысына орала алады. Бірақ толық жазылу үшін мына ережелерді сақтау маңызды: 2-4 апта бойы бассейнге баруға, ыстық баняға түсуге және ішімдік ішуге болмайды. Көзді уқалауға қатаң тыйым салынады. Дәрігер жазып берген тамшыларды уақытылы тамызу керек. Бұл ережелер маңызды, барлық пациентке бірдей міндетті.

Қуантатыны сол, қазіргі заманғы FemtoLASIK, SMILE және PRK секілді лазерлік оталар өте жоғары дәлдікпен жасалып, ұзақ жылдарға тұрақты нәтиже береді. Статистика бойынша, науқастардың 99%-ы ота нәтижесіне риза. Ең әсерлі сәттердің бірі – отадан кейін қайта тексеруге келген кезде пациенттердің қуанышын бөлісіп, әсерлерін жеткізуі. Кейбірі бұрын байқамаған ұсақ бөлшектерді енді ғана аңғарып жүргенін айтады. Енді бірі таңертең оянғанда көзілдірігін іздемей-ақ сағатты анық көргеніне қуанады. Тіпті кей пациенттердің көздеріне жас алып, «осынша жыл бойы әлемнің бұлай анық көрінетінін ұмытып қалыппын»деп толқыған кездері де болады. Осындай сәттер дәрігерлер үшін де ерекше қуаныш сыйлайды. Ең бастысы, тәжірибелі дәрігерді таңдап, толық диагностикадан өту.

-Құнды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТОНОМЕТР, СМАРТ-САҒАТ, ФИТНЕС-БІЛЕЗІК: Қан қысымын қайсысы дәл өлшейді?