«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн»: Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

0
538

Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен мектеп оқушы қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көрсеткішінің өскені де айтылды.


«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн»: Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Шымкент қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында көпбалалы және жалғызбасты аналарды әлеуметтік қолдау, «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқанын өткізу және бес аудандағы отбасылық-гендерлік саясаттың жүзеге асырылуы қаралды.

Отырыс барысында салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының мәліметтері тыңдалып, аудандардағы өзекті мәселелер талқыланды. Комиссия төрағасының орынбасары Ардақжан Жәкенова әр ауданның ерекшелігіне қарай нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Әл-Фараби ауданында жастар саясатына басымдық берілсе, Абай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мектеп жолдарының қауіпсіздігі мен көшелерді жарықтандыру мәселелері өзекті.
Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен мектеп оқушы қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көрсеткішінің өскені де айтылды. Осыған байланысты тиісті статистикалық мәліметтер комиссияның жұмыс бағыттарына жолданды. Желтоқсан айында жұмыс топтары қайта бас қосып, нақты іс-қимыл алгоритмін бекітеді.
Сонымен қатар жастарды профилактикалық медициналық скринингпен қамту деңгейінің 70 пайыздан 99 пайызға жуықтағаны атап өтілді.
Қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбек әлеуметтік қолдау шараларын жалғастыруды, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін профилактикалық рейдтер ұйымдастыруды және білім беру ұйымдарындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына бекітілген жоспарларды уақытылы орындап, қорытынды ақпаратты комиссияға ұсыну міндеттелді.
Комиссия отырыстары екі айда бір рет өткізіліп, аралық кезеңде білім беру және денсаулық сақтау бағыттары бойынша жұмыс топтары қызмет атқарады. Комиссия жұмысы есеп берумен шектелмей, әлеуметтік мәселелерді шешу мен профилактикалық шаралардың орындалуын бақылауға бағытталған.
Бөлісу