Бұл талап салмағы 3,5 тоннадан асатын автокөлік құралдарымен жүк тасымалдарын жүзеге асыратын нарық қатысушыларына қолданылады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі 2026 жылғы 1 маусымнан бастап жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын міндетті түрде Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ) тіркеу енгізілетінін хабарлайды.
Бұл талап салмағы 3,5 тоннадан асатын автокөлік құралдарымен жүк тасымалдарын жүзеге асыратын нарық қатысушыларына қолданылады. Аталған санаттағы тасымалдар бойынша барлық жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары жүйеде тіркелуі тиіс.
Аталған норма Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығына 2020 жылы енгізілген. Кейіннен бизнеске қолайлы жағдай жасау және жүйені техникалық тұрғыдан жетілдіру мақсатында оны қолдану міндетті емес сипатта болды.
Құжаттарды жүйеде тіркеу тасымалдауды ресімдеу үдерістерін оңайлатуға, қағаз құжат айналымын азайтуға және құжаттарға электрондық форматта қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.


