Ыстамбұлда мектеп оқушысы 8 баланы пышақтап кетті

0
200

Шабуыл жасаған оқушы ұсталған, оқиғаға қатысты тергеу басталды.


Ыстамбұлда мектеп оқушысы 8 баланы пышақтап кетті

ERNUR.KZ. Ыстамбұлдың Башакшехир ауданындағы мектепте болған пышақ шабуылынан сегіз оқушы жарақат алды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді, деп жазады baq.kz.

Оқиға 6 қазан күні таңертең Каябашы ауданындағы орта мектепте болған. Түркиялық Anadolu Ajansı мәліметінше, алғашқыда оқушылар арасында жанжал шыққаны хабарланған. Кейін оқиғаның пышақ қолданылған шабуыл екені белгілі болды.

Түркияның Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлу сегіз жаралының ем алып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бір оқушының жағдайы ауыр, тағы екі баланың жағдайы орташа ауыр.

Түркиялық басылымдардың хабарлауынша, шабуылды басқа мектепте оқитын оқушы жасаған. Ол өзі тұратын Каябашы ауданындағы мектепке келіп, оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған. Шабуыл жасаған оқушы ұсталған, оқиғаға қатысты тергеу басталды.

Оқиға таңғы сағат 08:40 шамасында болған. Мектепке полиция мен жедел жәрдем қызметтері шақырылып, жараланған оқушылар ауруханаларға жеткізілді.

Оқиғаға байланысты мектепте оқу процесіне уақытша үзіліс берілгені туралы да түркиялық БАҚ хабарлады. Сонымен қатар сот шешімімен шабуылға қатысты ақпаратты таратуға шектеу енгізілген.