Ресей армиясынан қашқан ер адам Қазақстанда сотталды

0
288

Ер адам Ресейден Қазақстанға өткізу пунктінен тыс жерде заңсыз өткен.


Ресей армиясынан қашқан ер адам Қазақстанда сотталды

Фото: pixabay

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында шетел азаматы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотталды, деп жазады zakon.kz.

БҚО сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, істі Бөкейорда аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі — "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша қараған.

"Сот анықтағандай, М. есімді шетел азаматы Ресей Федерациясының Қарулы күштерінде әскери қызмет өткерген. 2025 жылдың шілдесінен бастап ол әскери бөлімнен өз бетінше кетіп, Ресейдің құзырлы органдарынан жасырынған. 2026 жылдың мамырында Ресей Федерациясынан кету мақсатында азамат М. картографиялық сервистерді пайдаланып, жергілікті жерді зерттеген және Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Қазақстан Республикасына өтетін бағыт әзірлеген", – деп хабарлады облыстық сот 2026 жылғы 6 қазанда.

Нәтижесінде ер адам Ресейден Қазақстанға өткізу пунктінен тыс жерде заңсыз өткен. Кейін Оралға жетіп, одан Таразға барған. Сол жерден басқа елге кетпек болған, алайда оны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

"Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетінің мәжбүрлі жағдайға байланысты болғанын ескеруді, бас бостандығынан айырмауды және Қазақстан Республикасынан шығармауды сұрады. Сондай-ақ ол оған рақымшылық туралы заңды қолдануды өтінді", – делінген хабарламада.

Сот шетел азаматын кінәлі деп танып, оған 865 мың теңге көлемінде айыппұл салу, Қазақстан аумағынан шығару және елге 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салу жазасын тағайындады.

Алайда "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық туралы" заң негізінде сот оны негізгі жаза — айыппұлдан босатты.

Сот актісі заңды күшіне енді.