Францияда оқушылар наразылыққа шықты: Полициямен қақтығыс кезінде жасөспірімнің қолы жұлынып кеткен

0
164

Францияда наразылыққа шыққан оқушылар мен полиция арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр.


Францияда оқушылар наразылыққа шықты: Полициямен қақтығыс кезінде жасөспірімнің қолы жұлынып кеткен

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Митинг кезінде 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алды. Мәліметке сәйкес, ол жерден полиция қолданған жарық-дыбыс гранатасын көтеріп алған кезде қолынан айырылған, деп жазады stan.kz.

Па-де-Кале департаментінің префектісі Франсуа-Ксавье Лоштың айтуынша, оқыс оқиға 5 қазан күні таңертең Францияның солтүстік-шығысындағы Ланс қаласында, Огюст Беаль атындағы лицей маңында болған.

“Оқушының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, — деді ол.

Префект жасөспірімнің жақын маңдағы ауруханаға шұғыл жеткізілгенін айтты. Оның сөзінше, лицей маңына алдыңғы күндермен салыстырғанда әлдеқайда көп оқушы жиналған. Олар полиция қызметкерлеріне тас пен пиротехникалық заттар лақтыра бастаған. Осыдан кейін қоғамдық тәртіпті сақтау үшін оқиға орнына полицияның арнайы бөлімшесі жіберілген.

Француз басылымдары жасөспірімнің қалай жарақат алғаны туралы әртүрлі мәлімет таратты. La Voix du Nord газетінің хабарлауынша, жасөспірім полиция қолданған жарық-дыбыс гранатасын жерден көтерген кезде қолынан айырылған. Болжам бойынша, ол гранатаны полицияға қарай лақтырмақ болған.

Ал AFP агенттігінің хабарлауынша, жасөспірім арнайы жасақ қолданған, резеңке зақымдаушы элементтері бар гранатаны көтеріп алған болуы мүмкін. Граната оның қолында жарылған.

5 қазан күні лицей әкімшілігі сабақтардың қашықтан оқыту форматына көшірілетінін хабарлады.

Францияда жүздеген мектепте сабақ тоқтады

Наразылыққа байланысты Францияда шамамен 500 мектеп уақытша жабылды. Елдің білім министрі Эдуар Жеффренің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, 400–500 орта мектепте сабақ толық немесе ішінара тоқтатылған.

Министрдің мәліметінше, наразылық басталғалы бері 24 мектеп өртелген немесе тоналған.

Франциядағы наразылықтар 17 қыркүйекте Париждегі мектептердің бірінде басталып, өткен аптада бүкіл елге тараған. Наразылық кезінде оқушылар мен қауіпсіздік күштері арасында бірнеше рет қақтығыс болған. Полиция жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен резеңке таяқ қолданған. Наразылыққа мыңдаған адам қатысып жатыр.

Орта мектеп оқушылары мен басқа да азаматтар мұғалімдердің жетіспеуіне, сыныптардың шамадан тыс толуына және мектеп ғимараттарының ескіруіне наразылық білдіруде.

Францияның әділет министрі Жеральд Дарманеннің мәліметінше, 2 қазанға дейін елдегі 3 700 мектептің 735-інде наразылыққа байланысты тәртіпсіздіктер болған.

Білім министрі зардап шегуі мүмкін мектептер саны 2 қазандағы көрсеткішке жақындауы ықтимал екенін айтты. Дегенмен ол сабақтар біртіндеп қайта жалғасатынын жеткізді.

“Әсіресе, әсіре солшыл топтардың белсенділері жоғары сынып оқушыларының қозғалысына араласып, оны оқушылардың өз қолынан тартып алып, шектен тыс зорлық-зомбылыққа барып жатыр. Бұл мұғалімдер мен оқушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді”, — деді Жеффре.

Министрдің айтуынша, білім беру саласының 78 қызметкері жарақат алған. Ол мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтты.

Наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталды

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, 2 қазан күні 1 747 адам ұсталған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, наразылық басталғалы бері барлығы 5 мыңнан астам адам қолға түскен. Олардың шамамен 85%-ы — кәмелетке толмағандар.

Le Monde басылымының жазуынша, 4 қазан күні Францияның оңтүстігіндегі Ла-Сьота қаласында мұғалімге шабуыл жасады деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім ұсталған. 2 қазан күні жоғары сынып оқушыларының наразылығы кезінде 59 жастағы мұғалімді ұрып-соғып, үстіне бензин құйған.

Өткен аптада Францияның шығысындағы Бельфор қаласында бір топ жасөспірімнің жерде жатқан полиция қызметкерін ұрып-соғып, тепкілеген сәті видеоға түсіп қалған. Бұл кадрлар елдегі ресми тұлғалардың наразылығын туғызды.

Прокуратура мәліметінше, осы оқиғаға байланысты Болгария азаматтары, 15 және 17 жастағы екі жасөспірім ұсталған. Оларға ауыр дене жарақатын келтірді деген күдік бойынша тергеу жүріп жатыр.

Қақтығыс кезінде полицейлер ұстауға әрекеттенген жасөспірімдердің бірі енді өзі де адам өлтіруге оқталу бойынша арыз түсірген. Бұл туралы оның адвокаты хабарлады.

AFP агенттігінің мәліметінше, наразылық ұйымдастырушылары үкіметті нақты шаралар қабылдамады деп айыптап, шерулерді 6 қазан күні де жалғастыруға шақырған.

Франция үкіметі қандай шаралар қабылдамақ?

4 қазан күні Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню үкімет жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдердің мәселелерін шешу үшін қосымша шаралар қолға алып жатқанын мәлімдеді.

Премьер-министрдің айтуынша, үкімет мектептердегі сабақтың үзілмеуін, оқу орындарының жағдайын жақсартуды, сабақ кестесін реттеуді және университетке түсуге өтініш қабылдайтын платформаның жұмысын ашық етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар үкімет қоғамдық мүлікті бүлдірген адамдарға келтірілген шығынды өз есебінен өтетуді көздейтін заң жобасын жеделдетіп қарастырып жатыр.

Ал Amnesty International ұйымының Франциядағы бөлімшесі наразылық кезінде полицияның шамадан тыс күш қолданғанын сынға алды. Ұйым билік оқушылардың өз пікірін ашық білдіру құқығын қорғауы керек деп есептейді.

"Жастар өз талабын білдіргені үшін көзден жас ағызатын газға, полиция таяғына немесе негізсіз ұстауға ұшыраудан қорықпауы керек”, — деді ұйымның Франциядағы бөлімшесінің президенті Анн Савинель-Баррас.

Ал Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес полиция жастарды қудалап жатқан жоқ, керісінше, өз талаптарын бейбіт түрде жеткізгісі келетін оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр деп мәлімдеді.