Ақмолада Instagram арқылы құмар ойын ұйымдастырған әйел сотталды

0
266

Алаяқтық пен заңсыз бизнес арқылы ол бір жыл ішінде 90 миллион теңгеден астам табыс тапқан.


Ақмолада Instagram арқылы құмар ойын ұйымдастырған әйел сотталды

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Ақмола облысында Instagram әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде заңсыз құмар ойындарын өткізген әйел бас бостандығынан айырылды. Алаяқтық пен заңсыз бизнес арқылы ол бір жыл ішінде 90 миллион теңгеден астам табыс тапқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Күдікті әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, хабарландырулар орналастыру арқылы тікелей эфирде карта ойындарын ұйымдастырған. Әр ойынға төрт адам қатысып, ең жоғары карта түскен қатысушы жеңімпаз атанған, ал қатысушылардың ставкалары 100-ден 2 100 теңгеге дейін болған. Ұйымдастырушы жалпы жиналған бәс қаражатының белгілі бір пайызын өзіне алып отырған. Тергеу барысында бір жыл ішінде заңсыз құмар ойындардан түскен жалпы қылмыстық кіріс 90,6 млн теңгеден асқаны анықталды.

Сот шешімімен Ақмола облысының тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша айыпты деп танылды.

Сот үкімімен айыптыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот прокурордың заңсыз алынған 90,6 миллион теңге көлеміндегі кірісті мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы талабын толығымен қанағаттандырды.