ЖАСӨСПІРІМдерде жиі кездесетін АУЫРСЫНУлар: қай кезде мән беру керек?

0
341

Мектепте жүргенде іші ауырады, ал үйге келгенде басыла қояды


ЖАСӨСПІРІМдерде жиі кездесетін АУЫРСЫНУлар: қай кезде мән беру керек?

Сурет: ЖИ

Жасөспірім шақ – тек гормоналды өзгерістер мен эмоциялардың тасуы емес, сонымен бірге ағзаның қайта құрылатын кезеңі. Осы шақта баланың белгілі бір жері жиі ауырып тұрады. Оны еркелікке балау, өтірік сылтау айтып тұр деп ойлау орынсыз. Тіпті медициналық тексерістер ешқандай күрделі ауруды таппаса да, бұл симптомдарға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бірақ артық байбалам салудың да қажеті шамалы, өйткені мұндай ауырснулар жасөспірім шақта көпшілігінде болады.


1. «Бойөсер» ауырсынулары

Бұл көпшілікке жақсы таныс, аяқтың, әсіресе санның орта бөлігінің сыздап, ашып немесе сырқырап ауыруы. Балалар мұндай жағдайға белсенді өсу кезеңінде, көбіне 8–10 жастан бастап шағымданады.

Не істеу керек?

Ең алдымен, ауырсынудың басқа себептерін жоққа шығару үшін педиатрға көрінген жөн. Егер бұл шынымен өсу процесіне байланысты болса, жеңіл массаж, жылы ванна, ұйқы алдында дене созу жаттығулары және күндізгі жеткілікті қозғалыс көмектеседі. Ауырсыну өте қатты болса, дәрігер ауырсынуды басатын ем тағайындайды.


2. Қабырғааралық невралгия

Қабырғааралық невралгия – кеуденің сол жағынан шаншып ауыруы, терең дем алғанда күшеюі. Ауырсынудың бұл түрі ұйқыға жатқанда ыңғайлы қалып табуға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Көбіне бұл күйзеліс пен бұлшықеттердің ұзақ уақыт бойы жиырылып, зақымдануынан болады.

Не істеу керек?

Кеудедегі кез келген ауырсыну дәрігердің тексеруін талап етеді. Ең бастысы, жүректің амандығына көз жеткізген абзал. Әдетте тексеруді педиатрдан бастайды, ол қажет болған жағдайда кардиологқа немесе неврологқа жолдама береді.

Егер күрделі себептер анықталмаса, тыныштық, зақымданған бұлшықет аймағына жылу басу (дәрігер тағайындауымен), баяу созылу жаттығулары мен стресс деңгейін төмендету жағдайды жеңілдетеді.


3. Іштің ауыруы

Стресс пен үрей туғызған жағдайларға қатысты берілетін физиологиялық реакция. Кейде бұл сырт көзге шынымен симуляция (өтірік айту) сияқты көрінеді. Өйткені стресті ортада, мысалы, мектепте жүргенде іші ауырады, ал үйге келгенде басыла қояды.

Не істеу керек?

Алдымен асқазан-ішек жолдарының ауруларын жоққа шығару маңызды. Ол үшін педиатрға, кейін гастроэнтерологқа бару керек.

Егер тексеріс ешқандай ауруды таппаса, дәрігер психолог немесе психотерапевт консультациясын ұсынуы мүмкін. Себебі ауырсынуды іске қосып тұрған – жүйке жүйесі. Стресс деңгейін азайту, ұйқыны реттеу, жүйелі тамақтану және мазасыздықтың түп-тамырымен жұмыс істеу мәселені шешуге көмектеседі.


4. Тамақтың жыбырлауы (түйін пайда болуы), ауа жетпеу сезімі, жүрек айнуы

Шынымен толық тыныс алу қиындап кеткендей болады. Мұндай симптомдар мазасыздық пен қатты толқудан, мысалы, емтихан алдында жиі пайда болады.

Не істеу керек?

Алдымен тыныс алу жүйесінің, қалқанша бездің және басқа де медициналық ауруларды жоққа шығару үшін педиатрға жүгінген абзал. Егер тексерулер таза болса, дәрігермен мазасыздық бұзылысын талқылап, психологқа көрінген жөн.

Ұстама кезінде жайлы тыныс алу, ересектердің қолдауы және бұл жағымсыз сезімдердің уақытша екенін түсіну көмектеседі.


5. Арқаның (омыртқаның) ауыруы

Бұған бірнеше фактор бірден әсер етеді: ауыр рюкзак, экран алдында бүкірейіп отыру, бойдың жылдам өсуі. Дегенмен, стресс те бұлшықет кернеуін арттыра алады.

Не істеу керек?

Педиатрдан немесе ортопедтен бастау керек. Егер омыртқаның айтарлықтай қисаюы байқалса, дәрігер қосымша тексерулерге жібереді.

Алдын алу үшін тұрақты дене белсенділігі, арқа бұлшықеттерін нығайту (мысалы, жүзу) және компьютерде отырғанда жиі үзіліс жасау өте маңызды.


Қай кезде дәрігерге шұғыл жүгіну керек?

Егер ауырсыну кенеттен пайда болып, өте қатты болса, сонымен бірге:

  • естен тану,
  • дене температурасының көтерілуі,
  • ентігу,
  • құсу,
  • қол-аяқтың әлсіреуі,
  • сөйлеудің бұзылуы,
  • денеге бөртпе шығуы,
  • құсықта немесе нәжісте қан болуы байқалса, бөгелместен шұғыл медициналық көмекке (жедел жәрдемге) жүгініңіз.

Аударған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Студенттің ӘМИЯНЫН сақтауға көмектесетін ЛАЙФХАКтар

ІСІНУ: негізгі себептері мен ең тиімді емі