​ Жамбыл облысында Оң жағалау магистральдық каналының суару және дренаж жүйелерін реконструкциялау аяқталды

0
142

Жоба аясында гидромелиорациялық инфрақұрылым кешенді түрде жаңғыртылды.


ERNUR.KZ. Жамбыл облысының Шу ауданындағы Оң жағалау магистральдық каналының суару және дренаж жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі таңда нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Жоба аясында гидромелиорациялық инфрақұрылым кешенді түрде жаңғыртылды. Атап айтқанда, 69 шақырым суару каналы қайта жаңартылып, 241 гидротехникалық нысан қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Сонымен қатар 17,5 шақырым коллекторлық-дренаж желісі реконструкцияланды. Бұл суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігі мен тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде суару желісінің пайдалы әсер коэффициенті 44%-ға дейін өсті. Соның арқасында суды тасымалдау кезінде болатын шығын айтарлықтай азаяды. Жыл сайын суару маусымында 12-14 млн текше метрге дейін су үнемделеді деп күтіліп отыр. Жобаны іске асыру Шу ауданының Қонаев, Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтеріндегі жалпы аумағы 5 172 гектар ауыл шаруашылығы жерін толыққанды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Оң жағалау магистральдық каналының суару және дренаж жүйелерін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуы – еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және трансшекаралық өзендер бассейніндегі суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, аграрлық өндірушілердің табысын көбейтуге және өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасайды», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.