Учаскелік дәрігердің бірқатар жұмысын мейірбике атқаратын болады – министрлік

0
681

Науқас дәрігердің алдына келмей тұрып, мейірбике барлық мәліметті сұрап, ақпараттық жүйеге жаза алатын тәртіп жолға қойылып отыр.


Учаскелік дәрігердің бірқатар жұмысын мейірбике атқаратын болады – министрлік

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде дәрігерлердің жүктемесін айзайту бағытында қолға алынған шараларды атады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл бойынша екіжақты жұмыс істеп жатырмыз. Біріші бағыт – учаскелік дәрігерлердің жүктемесін азайту. Өйткені көптеген құжат толтыру керек, ақпараттық жүйелерге қосымша мәліметтерді енгізу керек. Сондықтан биыл қосымша емханалық стандарт енгізілген болатын. Ол стандарт бойынша көптеген жүктеме мейірбикеге берілді. Әр учаскелік дәрігердің қосымша үш мейірбикесі бар. Мысалы, дәрілік заттарға рецепт жазып беру, ауруханаға жату үшін жазылатын бағыттаушы анықтама, динамикалық байқауға қайталап келген науқастардың қан қысымын тексеру сияқты шаруалар осы мейірбикелерге беріліп отыр. Сонымен қатар денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздық парағын да мейірбикелер жазады», - деді ол.

Айтуынша, науқас дәрігердің алдына келмей тұрып, мейірбике барлық мәліметті сұрап, ақпараттық жүйеге жаза алатын тәртіп жолға қойылып отыр.

«Осының бәрі учаскелік дәрігердің жүктемесін азайтуға бағытталған. Екінші бағыт – ақпараттық жүйелерді бір-бірімен интеграциялау. Бұл үшін біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге «Е-денсаулық» атты экожүйе жасап жатырмыз. Бұл бойынша бір ғана база болады. Сол база арқылы әрбір дәрігер немесе әрбір науқас бүкіл ақпаратқа қол жеткізеді. Бұл жұмыс басталып кетті. Осы жылдың аяғы мен келесі жылы жүйе дайын болғаннан кейін дәрігердің жұмысы жеңілдейді», - деді вице-министр.