​Әлемдегі ЕҢ ҚАТТЫ АЯЗҒА төтеп беретін көліктер

0
242

Бұлар –50°C суықта да сыр бермейді


​Әлемдегі ЕҢ ҚАТТЫ АЯЗҒА төтеп беретін көліктер

фото: wallsflow.com

Автокөліктің нағыз мықтылығы жайлы асфальтта немесе жылы гаражда емес, қақаған аязда да сыналады. Әсіресе қысы ұзақ, температурасы –30°C, –40°C, тіпті –50°C-қа дейін төмендейтін аймақтарда кез келген көлік сенімді бола бермейді. Мұндай жағдайда қозғалтқыштың оталуы, аккумулятордың қуаты, отынның қасиеті, мотор майының тұтқырлығы және салонның жылдам жылынуы ерекше маңызға ие.

Сібір, Якутия, Арктика және Қазақстанның солтүстік өңірлері сияқты қатал климатты аймақтарда автокөлікке қойылатын талап та жоғары. Ол тек қарлы жолмен жүріп қана қоймай, ұзақ уақыт аязда тұрғаннан кейін де сенімді түрде іске қосылуы керек.

Ендеше, әлемнің суық аймақтарында пайдалануға лайық, төзімділігімен танылған көліктерге кө жүгіртейік.


Toyota Land Cruiser 70

Toyota Land Cruiser 70 сериясы – ауыр климат пен күрделі жол жағдайларына арналған автомобильдердің бірі. Оның басты артықшылығы – берік рамасы, қарапайым конструкциясы және ұзақ пайдалануға есептелген механикалық жүйелері. Бұл модельдің бензинді және дизельді нұсқалары бар.

Land Cruiser 70-тің ерекшелігі – күрделі жағдайларда жөндеуге және қызмет көрсетуге салыстырмалы түрде қолайлылығы. Дұрыс қысқы май, сапалы аккумулятор және қозғалтқышты алдын ала қыздыру жүйесі орнатылса, қатты аязды өңірлерде жақсы қызмет ете алады.


Toyota Land Cruiser 200

Land Cruiser 200 – қатал қыс жағдайында жайлылықтан бас тартқысы келмейтіндерге арналған көлік. Оның қуатты қозғалтқыштары, толық жетек жүйесі және жақсы жылытылатын салоны ұзақ қысқы сапарларда артықшылық береді.

Бұл автомобильдің тағы бір маңызды ерекшелігі – қарлы жолдар мен күрделі жерлерде қозғалу мүмкіндігі. Дегенмен дизельді нұсқаларында қысқы отынның сапасына және отын сүзгісінің жағдайына ерекше назар аудару қажет.


Nissan Patrol Y61

Nissan Patrol Y61 – қарапайым әрі берік конструкциясымен танылған жол талғамайтын көлік. Оның рамалық құрылымы, толық жетек жүйесі және мықты аспасы күрделі жағдайда пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл модельдің дизельді нұсқалары суық климатта дұрыс дайындықты қажет етеді. Әсіресе аккумулятор, қыздыру шамдары, отын сүзгісі және қозғалтқышты алдын ала жылыту жүйесі мінсіз жұмыс істеуі керек. Техникалық жағдайы жақсы Patrol Y61 қарлы және аязды аймақтарда сенімді серік бола алады.


Mitsubishi Pajero

Mitsubishi Pajero ұзақ жылдар бойы әртүрлі климаттық жағдайда пайдаланылып келе жатқан танымал жол талғамайтын автомобиль. Оның Super Select толық жетек жүйесі кейбір нұсқаларында қарлы және тайғақ жолдарда қозғалысты тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Pajero-ның басты артықшылығы – жолдағы тұрақтылығы, өтімділігі және күнделікті пайдалануға қолайлылығы. Қысы ұзақ өңірлерде жақсы күтім көрген бензинді нұсқалары да, дұрыс дайындалған дизельді нұсқалары да тиімді таңдау бола алады.


Subaru Forester

Subaru Forester – қысқы жолдарда жақсы басқарылуымен ерекшеленетін жапондық кроссовер. Оның Symmetrical AWD толық жетек жүйесі қарлы және тайғақ жолдарда қозғалысты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Forester-дің тағы бір артықшылығы – клиренсінің жоғары болуы және күнделікті пайдалануға қолайлылығы. Ол ауыр жол талғамайтын көліктердей рамалы болмаса да, қалада, тасжолда және қар басқан ауыл жолдарында өзін жақсы көрсетеді.


Volvo XC90

Швеция – қысы қатал елдердің бірі. Сондықтан Volvo автомобильдерін жасау кезінде суық климат пен қысқы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Volvo XC90 моделі жайлылығымен, қауіпсіздік жүйелерімен және қысқы жабдықтарымен ерекшеленеді. Орындықтарды, рульді және әйнектерді жылыту функциялары комплектациясына қарай ұсынылады. Толық жетек нұсқалары қарлы жолда қосымша артықшылық береді.

Бұл көлік әсіресе қалада және ұзақ сапарларында ыңғайлы.


UAZ Hunter

UAZ Hunter – күрделі электроникадан гөрі қарапайым механикалық құрылымға басымдық беретін автомобиль. Оның рамасы, толық жетек жүйесі және жолсыз жерге арналған конструкциясы қиын жағдайда пайдалануға мүмкіндік береді.

Алайда көліктің қарапайым болуы оның кез келген аязда өздігінен оталатынын білдірмейді. Аккумулятор, стартер, отын жүйесі және қозғалтқыштың техникалық жағдайы шешуші рөл атқарады.


Lada Niva Legend

Lada Niva Legend – шағын өлшеміне қарамастан, қарлы жолдарда жақсы нәтиже көрсете алатын көлік. Оның тұрақты толық жетегі мен қысқа базасы қарда және тар жолдарда артықшылық береді.

Niva-ның қарапайым конструкциясы жөндеу жұмыстарын жеңілдетеді. Бірақ қатты аязда салонның жылынуы, аккумулятордың қуаты және қозғалтқыштың іске қосылуы мұқият бақылауды қажет етеді.


Қатты аязда көлікті сақтайтын басты технологиялар

Көліктің маркасы қаншалықты мықты болғанымен, арнайы қысқы дайындықсыз –40°C немесе –50°C аязда сенімді жұмыс істеу қиын.

Мұндай климатта ең маңызды жабдықтардың бірі – қозғалтқышты алдын ала қыздыратын жүйе. Ол моторды іске қоспас бұрын қажетті температураға дейін жылытуға көмектеседі. Сонымен қатар сапалы аккумулятор, ауа райына сәйкес мотор майы, суық климатқа арналған дизель отыны және тиімді салон жылытқышы қажет.

Nissan компаниясының техникалық бюллетенінде –18°C шамасында немесе одан төмен температурада қозғалтқыш блогын қыздырғышты пайдаланудың маңызы көрсетілген. Toyota нұсқаулығы да қысқа сәйкес май, отын, салқындатқыш сұйықтық пен аккумуляторды алдын ала тексеруді ұсынады.

Қатал аязға төзімді көлікті таңдағанда тек қозғалтқыштың көлеміне немесе автомобильдің бағасына қарау жеткіліксіз. Оның техникалық қарапайымдылығы, жылыту жүйесі, аккумулятор сыйымдылығы, қосалқы бөлшектерінің қолжетімділігі және қысқы жабдықталуы маңызды.

Жалпы алғанда, Toyota Land Cruiser 70, Land Cruiser 200 және Nissan Patrol Y61 қатал климатқа бейімдеуге болатын мықты жол талғамайтын көліктер қатарына жатады. Ал күнделікті қала ішіндегі қысқы қозғалыс үшін Subaru Forester мен Volvo XC90 жақсы таңдау болады.

Нағыз қысқы көліктің мықтылығы оның сыртқы келбетінде емес, аязда жүргізушісін жолда қалдырмай, сенімді түрде қызмет етуінде.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қазақстанда электромобиль міну ТИІМДІ МЕ? Үнем, қысқы аяз және жүргізуші білуі керек 5 нәрсе


Қыста көлікті қыздарғанда қателік жасамаңыз