​«BALAZHAN»: платформаны толтыруды жеңілдететін 3 лайфхак

0
156

Платформа 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында құрылған.


​«BALAZHAN»: платформаны толтыруды жеңілдететін 3 лайфхак

Сурет: ЖИ

Мектеп қабырғасындағы әр балаға уақытында қолдау көрсету – басты мәселелердің бірі. Ол үшін жағдайын жіті бақылау қажеттілігі ерекше. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылында «Balazhan» атауымен жаңа сайт-платформаны іске қосты.

Платформа 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында құрылған. Басты мақсаты — көмекке немесе ерекше назарға зәру балаларды ерте анықтап, оларға тиісті қолдау ұйымдастыру. Жүйе Ұлттық білім беру қорының бір бөлігі болып саналады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында былай мәлімделген: «Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.

Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.»


Ұстаздар неге наразы?

Жаңа жүйені шығарғандар «Бұл мұғалімдердің жұмысын жеңілдетеді» деп ұрандатуда. Алайда, ұстаздар қауымы мұнымен мүлде келіспейді. Керісінше, мойнындағы жүктеме шамадан тыс көбейіп кеткеніне ашулы. Бұл уәж негізсіз де емес.

Мектеп мамандарының айтуынша, әр оқушының отбасы, әлеуметтік жағдайы туралы бар мәліметті жинақтау, оның бәрін осы жүйеге тіркеу үлкен уақытты алады. Осыған дейін күндіз сабақ беріп, кешке қарай дәптер тексеріп келген мұғалімдер енді түнгі уақытта компьютер алдында отыруға уақыт табуға мәжбүр. Оның үстіне, платформа жиі істен шығып, қатып қалуы, жазған мәліметтер жоғалып кетуі жиі орын алуда. Бұл – мәселенің тағы бір «ауыр» тұсы. Бүкіл республика бойынша мыңдаған мұғалім бір уақытта платформаға кіруге тырысқанда, жүйе көбінесе салмақты көтермей, «қатып» қалады. Күндіз сервер істемей, базаға кіре алмай əлек болған ұстаздар амалсыздан түн ортасында немесе таңертең ертемен ұйқыларын бөлуге мәжбүр. Мұғалімдердің жанына бататын дүние – «Біз балаға білім мен тәрбие беретін ұстаз емес, база толтыратын оператор болып кеттік» деген реніштері.

Дегенмен, министрлік талап еткен соң, бұл міндетті қалай да орындауға тура келетіні анық. Сондықтан жүйкені, уақыт пен күшті үнемдеуге көмектесетін практикалық лайфхактар мен тәсілдерге сүйенген тиімдірек.


1. Жауаптарды шаблон арқылы автоматтандыру

Әр балаға қатысты мәтінмен берілетін жауаптарды платформада қолмен теріп отыру – уақытты текке құрту. Үлгі үшін стандартты шаблондар дайындап алыңыз. Мысалы, әлеуметтік жағдайы қалыпты отбасыларға, стандартты психологиялық сипаттамаларға немесе жиі қайталанатын жағдайларға арналған 3-4 қысқа стандартты мәтін дайындап, сақтаңыз. «Көшіру – Қою» пәрмендері арқылы платформаға қойып, өзгертетін тұстарын сол жерден өңдей салған жылдамырақ. Бұл уақытыңызды бірнеше есе үнемдейді.


2. Сынып белсенділері мен ата-аналар комитетінің көмегіне сүйену

Барлық отбасының әлеуметтік мәліметін бастан-аяқ өзі іздеп отыруға мұғалімде уақыт тапшы. Жұмысты сынып белсенділері мен ерікті түрде көмек қолын созатын ата-аналарға үлестіріңіз. Ата-аналарға жағдайды түсіндіріп, балалардың негізгі деректерін (мекенжайы, ата-анасының жұмыс орны, байланыс нөмірі сияқты қажетті минималды ақпаратты) жинауға жірдемдесуді өтініңіз. Ата-аналар өздері толтырған соң, сіз тек дайын кестені платформаға көшіре саласыз. Бұл жеке-жеке сұрап отырудан сақтайды.


3. Уақыт шектеуі – күнделікті ереже

Платформаны басшылық есеп тапсыруды талап еткенде немесе бір түнде отырып түгел толтыруға тырысу – жүйкені тоздыратын ең үлкен қателік.

Ертеңге қалдыру мойныңыздағы міндеттен құтылдырмайды. Күніне тек 2 немесе 3 баланың ғана мәліметін енгізіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Мысалы, сабақ басталар алдындағы 10-15 минутты немесе күннің басқа бөлігінде бос болатын аз уақытты осыған арнаңыз. Біртіндеп толтырғанда жүктеме сезілмейді, жүйе де қатып.


Ата-ананың жеке деректері үшін алаң

Платформа айналасындағы тағы бір дау деректердің қауіпсіздігіне байланысты туындайды. Жүйеге баланың сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімі ғана емес, отбасының әлеуметтік жағдайы, психологиялық портреті, тіпті үй ішіндегі ахуал сияқты жеке мәліметтер жиналады. Дәл осы жайт көптеген ата-аналардың мазасын қашырып отыр. Алаңдаушылыққа ең негізгі себеп – жеке деректердің тарап кету қаупі. Базаны хакерлер бұзған жағдайда, балаларының психологиялық диагностикасы немесе отбасының ішкі мәселелері қара ниеттілердің қолына түсер деп қорқады.

Баланың шеттетілуі, жаманатты болуы (маргиналдау және стигматизация) туралы ойланатындар да жоқ емес. Цифрлық базаға тіркелген әлеуметтік немесе психологиялық жағдайы «жағымсыз белгі» боп қалыптасып қалуы мүмкін. Ол мектеп ауыстырса немесе басқа жүйелерге өткен жағдайда осы «белгі» қыр соңынан қалмай ілеседі. Мәселен, бір мектептен бұзақылық себебімен шығарылған бала қатесін түсініп, түзелуге бет бұруы мүмкін. Бірақ оны басқа білім мекемелері бірден «бұзақы бала» деп қабылдап, психологиялық соққы беруі ықтимал.

Жауапты органдар «дербес деректер заңмен қатаң қорғалады» деп сендіруде. Десе де қоғамда «Егер киберқауіпсіздік сыр берсе, бұған нақты кім жауап береді?» деген сұрақ ашық қалып отыр. Бұл орынды да. Отбасының ішкі құпиясы мен баланың жеке өмірі сияқты нәзік дүниелер сақталатын жүйені енгізгенде, ең алдымен ата-аналардың сеніміне ие болу – басты шарт.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАС МАМАНдарға арналған БАЙҚАУлар – ЖЕҢІСке жету үшін қандай ДАЙЫНДЫҚ керек?