Бұйрық 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.
Фото: Zakon.kz
Құжатқа сәйкес, бейбіт уақытта әскери билеттер мына азаматтарға беріледі:
- Қорғаныс министрлігінің жергілікті әскери басқару органдарында (ЖӘБО) Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылған кезде;
- әскери және арнаулы оқу орындарына оқуға қабылданған кезде;
- мамандандырылған ұйымдарда ақылы негізде әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша әскери даярланған резерв бағдарламасынан өткендерге;
- запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтағандарға.
Бұдан бөлек, аудандық немесе облыстық маңызы бар қаладағы ЖӘБО әскери билеттерді мына азаматтарға береді:
- әскери қызметтен немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған және белгіленген әскери қызмет мерзімін өтегендерге;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, бұған дейін әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп, белгіленген мерзімді өтегендерге;
- басқа мемлекеттерден келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бұрын әскери (баламалы) қызметті немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге;
- әскери атағы қалпына келтірілген және әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге.
Әскери және арнаулы оқу орындарына қабылданған азаматтарды қамтамасыз ету үшін қатардағы және сержанттық құрамның әскери билеттерінің бланкілері оқу орындарының сұрауы бойынша қажетті мөлшерде беріледі. Оған азаматтарды оқуға қабылдау туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер негіз болады.
ЖӘБО әскери және арнаулы оқу орындарынан алынған оқуға қабылдау туралы бұйрықтардың үзінді көшірмелері негізінде ҚР Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесінде әскери билеттің бұрын берілген-берілмегенін тексереді.
Бұған дейін әскери билет алмаған азаматтарға қатысты ЖӘБО мынадай шаралар жүргізеді:
- әскери билет бланкісін толтырады;
- ҚР Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесінде әскери билеттерді беру ведомосін қалыптастырады;
- ведомость пен оған қоса берілген әскери билет бланкілерін әскери және арнаулы оқу орындарына жолдайды.
Әскери билеттерді беру ведомосі екі данада жасалады. Оның екінші данасы берілмеген қатардағы және сержанттық құрамның әскери билет бланкілерімен бірге билеттер берілген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей ЖӘБО-ға қайтарылады.
Бұған дейін әскери билет алған азаматтардың электрондық есепке алу карточкасында әскери қызметке қатыстылығының мәртебесі "Әскери және арнаулы оқу орындарына түсуіне байланысты есептен шығарылды" деп өзгертіледі.
Егер цифрлық жүйелер арқылы ҚР Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесіне азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгергені туралы мәліметтер түссе, ЖӘБО әскери билеті бар азаматтарға тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама азаматтың ұялы телефон нөміріне немесе "цифрлық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне жолданады.
Азаматтар өтініш білдірген жағдайда ЖӘБО бір сағат ішінде әскери билетке тиісті жазбаларды енгізіп, оларды елтаңбалы мөрмен куәландырады.
Сондай-ақ әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен өтпеген, ақылы негізде әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлықтан, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға мемлекеттік жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету мақсатында әскери билеттер жұмылдыру кезеңінде, әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында беріледі.
"Әскери міндеттілерге әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын беру" мемлекеттік қызметін алу тәртібі
Мемлекеттік қызметті алу үшін әскери билет немесе оның телнұсқасын беруге өтініш беру қажет.
Қызмет көрсетуші құжаттар келіп түскен күні оларды қабылдап, тіркейді және орындау үшін жауапты маманға жолдайды.
Орындаушы құжаттар топтамасының талаптарға сәйкестігін тексеріп, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін екі жұмыс күні бұрын қызмет нәтижесін басшының қол қоюына дайындайды.
Өтініште немесе құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталса, олардың нысаны мен мазмұны талаптарға сәйкес келмесе немесе құжаттар топтамасы толық болмаса, қызмет көрсетуші анықталған кемшіліктерді жою туралы хабарлама жібереді. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне тоқтатылады.
Құжаттар кемшіліктер жойылғаннан кейін хабарлама алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қайта ұсынылуы керек.
Мемлекеттік қызмет нәтижесінде офицерлік, қатардағы және сержанттық құрамдағы азаматтарға әскери билет немесе оның телнұсқасы беріледі. Бас тартылған жағдайда оның себептері көрсетілген жауап жолданады.
Портал арқылы өтініш берілген кезде қызмет көрсетуші мемлекеттік қызмет нәтижесін алатын орын туралы ақпаратты электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растап, азаматтың жеке кабинетіне жібереді.
Мемлекеттік қызмет нәтижесі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы беріледі.
"Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі де нақтыланды.
Енді өтініште немесе құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталған, олардың нысаны мен мазмұны талаптарға сәйкес келмеген немесе құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда қызмет көрсетуші кемшіліктерді жою туралы хабарлама жібереді.
Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі екі жұмыс күніне тоқтатылады.
Құжаттар анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін хабарлама алынған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей қайта ұсынылуы керек.
"Әскери қызмет туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді.
Егер ЖӘБО-да азаматтың әскери қызмет өткергені, оның ішінде жеңілдік кезеңіндегі қызметі туралы мәліметтер болмаса, тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға (мұрағаттарға), қажет болған жағдайда басқа мемлекеттерге де сұрау салулар жіберіледі.
Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі ұзартылып, азаматқа бұл туралы хабарланады. Қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Өтініште немесе құжаттарда қателер мен дәлсіздіктер анықталған, олардың нысаны мен мазмұны талаптарға сәйкес келмеген немесе құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда қызмет көрсетуші кемшіліктерді жою туралы хабарлама жібереді. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі үш жұмыс күніне тоқтатылады.
Құжаттар анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін хабарлама алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қайта ұсынылуы керек.
Жіберілген сұрау салуларға жауап алынғаннан кейін ЖӘБО көрсетілген мәліметтерді ҚР Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесіне енгізеді. Ал әлеуметтік қолдауға үміткер азаматтарға қосымша анықтама беріледі.
Бұдан бөлек, мына қағидаларға да өзгерістер енгізілді:
- ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді іріктеу, оқуға жіберу және ақылы әрі тегін негізде даярлау, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша оқыту мерзімдері туралы қағидаларға;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне куәлік беру қағидаларына;
- "Әскерге шақыруды кейінге қалдыру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына;
- "Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына.
Бұйрық 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.


