Темірмен ұрып, үстіне ыстық су құйған: Қарағандыда дәрігерлер жас келіншектің көкбауырын алып тастады

0
93

Әйел жантүршілгерлік оқиғасын бөліскен.


Темірмен ұрып, үстіне ыстық су құйған: Қарағандыда дәрігерлер жас келіншектің көкбауырын алып тастады

Фото: iStockphoto

ERNUR.KZ. Қарағандыда 19 жастағы келіншекті бұрынғы күйеуі аяусыз ұрып-соғып, ауруханаға түсірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Новый вестник» газетінің жазуынша, Риза Әлкенова атты әйел күйеуінен жүйелі түрде зорлық-зомбылық көріп келген.

Ол болашақ күйеуімен жаттығу залында танысқан. Сол уақытта Риза небары 16 жаста, ал ер адам 32-де болған. Бойжеткеннің айтуынша, ер адам оны оқуынан күтіп алып, сыйлықтар беріп, көңілін аулаған. Кейінірек олар бірге тұра бастаған. Зардап шегушінің айтуынша, олардың арасындағы жақындық оның еркінен тыс болған. 17 жасында Риза жүкті болып, тұрмысқа шыққан. Жағдайдың мән-жайын ата-анасына ұялып айтпаған.

Үйленгеннен кейін жанжал мен соққылар жиілеген.

«Күйеуге шыққан соң ұрып-соғу көбейді. Кейде денемді күйдіретін. Мені бейнежазбаға түсуге мәжбүрлеп, кейін «сатқындық жасасаң, масқараңды шығарамын» деп сонымен бопсалайтын. Әр соққыдан кейін денсаулығым нашарлай берді», - дейді Риза.

Бірде жұбайы Ризаны жапан далаға апарып, темір құбырмен ұрып, үстіне қайнаған су құйған. Осыдан кейін қыздың арқасында күйік іздері қалған. Сондай-ақ, күйеуі бейнежазбалар арқылы бопсалап, Ризадан ұлын тартып алған.

Биыл ер адам екінші бизнесін ашпақ болып, ажырасуға өтініш берген. Ол Ризаны қорқытып, сотта баланы әкесімен қалдыруға келісім беруге мәжбүрлеген. 2 наурызда олар ресми түрде ажырасқан, бірақ Риза баласы үшін бұрынғы күйеуімен бірге тұруды жалғастырған. 8 сәуірде жанжал шығып, күйеуі оны тағы төмпештеген. Кейінгі күндері ішінен тебетінін айтып қорқытқан. 11 сәуірде Риза шыдамай, туыстарына хабарласқан. Жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізіп, шұғыл ота жасалды. Әйелдің көкбауыры алынып тасталды.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін келіншек полицияға шағымданбаған болып шықты. Қазіргі уақытта Риза дағдарыс орталығына көшіп барды. Оған психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.