Ата-ана ауруханаға жараның іріңдеуі, ісіну, асқынуы және қан кету шағымдарымен жүгінген.
фото:baq.kz.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Ново-Явленка ауылында үйде сүндеттелген бірнеше бала асқынулармен ауруханаға түсті, деп жазады baq.kz.
Ана мен бала орталығының мәліметінше, облыста үйге барып сүндеттеу қызметін ұсынатын адам пайда болған. Осындай процедуралардан кейін бірнеше ұл бала зардап шеккен.
Орталық дәрігерлері атап өткендей, көптеген адам сүндетке отырғызу рәсімін жай ғана тұрмыстық дәстүр ретінде қабылдап, оны өткізу үшін біліктілігі жоқ адамдарды шақырады. Алайда, медициналық тұрғыдан алғанда, бұл барлық қауіпсіздік стандарттарын сақтауды талап ететін хирургиялық операция.
Үй жағдайында сүндеттелгеннен кейін бірнеше бала Ана мен бала орталығына жараның іріңдеуі, ісіну, асқынуы және қан кету шағымдарымен жүгінді. Бір бала хирургия және урология бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта ол ем қабылдап жатыр, – деді хирургия және урология бөлімшесінің меңгерушісі Қайрат Құсманұлы Рақымжанов.
Дәрігерлер ата-аналарды мұқият әрі жауапты болуға шақырады. Мамандар бала денсаулығын медициналық біліктілігі жоқ адамдарға сеніп тапсыруға болмайтынын ескертті.
Кез келген хирургиялық араласу асептика мен антисептика ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Ауруханада барлық қажетті жағдайлар жасалған: стерильді орта, жабдықтар, препараттар және пациентті әр кезеңде бақылайтын мамандар бар. Мұндай процедураларды медициналық мекемеден тыс жерде өткізу қауіпті асқынуларға әкеп соғуы мүмкін, – деп атап өтті Қайрат Құсманұлы.
Ана мен бала орталығы кез келген хирургиялық ота, тіпті ол оңай көрінсе де, тек медициналық мекемеде және маманның кеңесінен кейін ғана жасалуы тиіс екенін еске салады.


