Баланың анасы құзырлы органдарға арыз жазбақшы.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында 189 мың оқырманы бар дәрігер-гинеколог Жансұлу Жазыбаева адам шошырлық видео жүктеді: оның небары алты жастағы қызының жеке нөміріне мүлде бейтаныс ер адам түнімен қоңырау шалып, ұятсыз хаттар жолдаған, деп жазады zattyq-ruhy.kz.
Жансұлу Жазыбаеваның айтуынша, түнгі 22.15 шамасында ол қызының телефонын алып, өз көзіне өзі сенбеген. Баласы мүлде танымайтын әрі қызы тек байланыс үшін қолданатын телефонға түн ішінде үлкен ер адам хат жазған және оншақты рет қоңырау шалған. Дәрігер бұл видео арқылы халықты ақпараттандырып, балаларды қорғағысы келетінін айтып отыр.
«Уақыт 15.04.26 жыл, сағат 22:13, Семей қаласы. Осындай надан, шектен шыққан адамдардың арамызда жүргенін жұрт білсе деймін! 6 жасар қызымның нөміріне түнде хат жазып, қоңырау шалған. Қыздарым қазір ұйықтап жатыр. Бұл – норма емес! Бұл – қылмыс! Мен ана ретінде бұған көз жұма қарай алмаймын. Ертең міндетті түрде тиісті орындарға барып, ресми түрде арыз жазамын», - дейді дәрігер.
Осы осы жазбасы арқылы сондай-ақ ата-аналарға ескерту жасап, балаларының телефонын үнемі әрі мұқият тексеріп отыруға шақырды. Біз осы видеоны Абай облысының полиция департаментіне жіберіп, ресми комментарий сұраттық. Полиция қазір жауабын дайындап жатыр.
Айта кетейік, біз бүгін ғана Түркістан мен Маңғыстау облыстарының статистикасына сүйеніп, елімізде оқушы қыздар өздерін зорлаған үлкен ер адамдардан бала көтеріп, ерте босануға мәжбүр екенін жазған едік.


