ERNUR.KZ. Денсаулығына және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңіне байланысты сот отырыстарына тікелей қатыса алмай жүрген Руслан Берденов өзіне қатысты жарияланып жатқан мәлімдемелерге әлеуметтік желі арқылы жауап берді, деп жазады baq.kz.
Берденовтің айтуынша, сот процесін және ақпараттық кеңістіктегі ахуалды ол мұқият бақылап отыр. Алайда, айыпталушы Жиенбай тарапынан айтылып жатқан сөздерге бейтарап қалу мүмкін емес екенін жеткізді.
“ Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ “, - деді Берденов.
Оның сөзінше, кейін айыпталушының өкілдері Берденовтің қорғаушыларымен байланыс орнатуға тырысып, кешірім сұрап, "достасуды" ұсынған. Ал бас тартқан жағдайда ақпараттық шабуыл болатынын айтып сес көрсеткен.
“ Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме де айтылды. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Бірақ мен қандай да бір арандатуға жол берген жоқпын “, – деді ол.
Руслан Берденов қақтығыстың түп-төркіні жеке емес, қызметтік сипатта екенін атап өтті.
“ Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын “, - деді Руслан Берденов.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта бұл іске қала әкімінің аты-жөні араластырылып жатқанын өрескел манипуляция деп бағалап отыр.
“ Бұл істің ақиқатқа емес, қысым мен беделге нұқсан келтіруге бағытталғанын дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын “, – деді Берденов.
Ол әкімдіктегі қызметін адал атқаруға тырысқанын, елге қызмет етуді басты мақсат еткенін жеткізді.
“ Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Менің артымда елімізге, өзгерістерге сенетін жастар тұр. Бұл - үлкен жауапкершілік, мен оны сезінемін. Әкімдіктегі жұмысым да осы сенімді ақтауға бағытталған. Маған қарсы айтылған жала, жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін, - деді ол.
Айта кетейік, Руслан Берденов қазіргі таңда аңшы мылтығынан алған жарақатынан кейін ем-дом қабылдап жатыр. Оның айтуынша, денесінде әлі де 60-тан астам қорғасын оқ қалып қойған.