Ақордада мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі басталды.
Фото:
ERNUR.KZ.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Астана әуежайында Иордания Королін Мемлекет басшысының өзі күтіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді.
Президент оркестрі Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады.Әнұрандарды тыңдап болған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.Ту алдына келгенде мейман тоқтап, бас иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Иордания Королі мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.Бұдан кейін тараптар шағын құрамда келіссөздер жүргізуге кірісті. Жоғары деңгейдегі келіссөздерде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасы талқыланады.Сонымен бірге, Иордания Королі 6 қараша күні Астанада өтетін Ақаба процесі саммитіне қатысады. Бұл жиынға бірқатар мемлекеттің басшылары қатысады.
Ақаба процесі — 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған халықаралық бастама. Оның басты мақсаты — терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.