86 жастағы қария орындықта отырған кезде оған пышақпен шабуыл жасалған.
ERNUR.KZ. Қостанайда 86 жастағы зейнеткерді пышақтап өлтірді деген күдікпен 17 жастағы жасөспірім ұсталды, деп жазады stan.kz.
Қайғылы оқиға тұрғын үйлердің бірінің ауласында болғаны хабарланған еді. 86 жастағы қария орындықта отырған кезде оған пышақпен шабуыл жасалған.
Оқиға туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желіде тарады. Қала тұрғындары бұған дейін де өзге қылмыстарға қатысы болуы мүмкін күдіктінің пайда болғанына алаңдаушылық білдірген.
Полиция зейнеткердің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылғанын растады. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары күдіктіні анықтап, ұстады. Ол 17 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазір жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, 2025 жылдың 2 желтоқсанында Ақтөбеде қайғылы оқиға болған. 16 жастағы мектеп оқушысы анасын пышақтап өлтіріп, әжесіне де шабуыл жасаған деген күдікке ілінген. Оқиға қаладағы пәтерлердің бірінде болған. Полицияға аса ауыр қылмыс туралы хабар түскен соң, оқиға орнына барған тәртіп сақшылары зорлық белгілері бар әйелдің мәйітін тапқан. Ал пышақ жарақатын алған қарт әйел ауруханаға жеткізілген.
Күдікті жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол өз кінәсін мойындаған. Сол кездегі Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы жасөспірімнің толық отбасында тәрбиеленгенін, әлеуметтік жағдайы жақсы болғанын және оқу үлгерімі жоғары екенін айтқан. Алайда оның мінезі тұйық болғаны да хабарланған. Оқиғадан кейін білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық шаралар күшейтілген.


