Әуежайдан бастап толық ақпарат: туристерге арналған QR-карталар ел бойынша таратылып жатыр.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда шетелдік азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында көліктегі полиция департаменті Астана қаласының халықаралық әуежайында ақпараттық акция өткізіп, шетелдік туристерге QR-коды бар арнайы карталар таратты. Аталған карталар алғаш рет «Омбы — Астана» рейсімен келген жолаушыларға ұсынылды.
Көліктегі полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Тоғызбаевтың мәліметінше, бұл тәжірибе барлық халықаралық әуежайлар мен теміржол вокзалдарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Туристік карта арқылы шетелдік азаматтар Safetravel.kz порталы мен мобильді қосымшасына тікелей қол жеткізе алады.
Аталған цифрлық ресурс ішінде полиция, жедел жәрдем, құтқару қызметтері, такси және байланыс операторларының байланыс деректері, сондай-ақ көші-қон есебіне тұру тәртібі мен жеке қауіпсіздікке қатысты ұсынымдар 4 тілде ұсынылған. Бұл туристерге қажетті ақпаратты жедел алып, кез келген жағдайда жедел қызметтерге жүгінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, акция барысында көші-қон қызметінің мамандары шетелдік азаматтарға Қазақстан аумағында болу тәртібі мен заң талаптарын да түсіндірді.
ІІМ дерегінше, жыл басынан бері көліктегі полиция қызметкерлері QR-коды бар 211 мыңнан астам туристік картаны таратқан. Мұндай ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары Астана ғана емес, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау және Өскемен қалаларында да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Жоба шетелдік қонақтардың ел аумағында қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз етуге бағытталған.


