Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: жаңғырту, әртараптандыру және инвестициялар – өнеркәсіп әлеуетін дамытудың басымдықтары

0
98

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының негізгі векторын айқындап берді.


Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: жаңғырту, әртараптандыру және инвестициялар – өнеркәсіп әлеуетін дамытудың басымдықтары

ERNUR.KZ. Ол – қуатты өнеркәсіп әлеуетіне негізделген мықты да әртараптандырылған экономика құру, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Мемлекет басшысы шикізат моделінен қосылған құны жоғары тауарларды өндіруге көшу міндетін қойды, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа жоғары технологиялық өндірістерді құруға жүйелі түрде инвестиция тартуды талап етеді. Осыған байланысты Үкімет индустриялық егемендікті нығайтуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруда.

Өнеркәсіптің тұрақты өсуі – экономикалық жаңғыртудың негізі

Мемлекет басшысы алға қойған ең басты міндет – қуатты әрі әртараптандырылған экономика құру. 2025 жылдың 7 айының қорытындысы ұлттық дамудың локомотиві саналатын өнеркәсіп секторында оң серпін барын көрсетті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,9%-ға нық өсім көрсетті. Мұндағы өсім драйверлері – көлемді 8,5%-ға ұлғайған тау-кен өнеркәсібі және әртараптандыру үшін ерекше маңызды сала, 6,1%-ға өскен өңдеу секторы.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет отандық өндірісті әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Өнеркәсіпті дамыту өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек жағдайларын жақсартуға, жоғары қайта бөлудің жаңа өндірістерін іске қосуға және инвестициялар тарту есебінен, оның ішінде ірі халықаралық компаниялардан тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған», — деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Жолдауда Мемлекет басшысы автомобиль жасаудағы оң нәтижелерді атап өтіп, толыққанды автомобиль жасау кластерін құру үшін локализация деңгейін дәйекті түрде арттыра отырып, қол жеткен қарқынды сақтау міндетін қойды.

Бүгінгі таңда экономиканың бұл саласы технологиялық жаңғыртудың өзегіне айналып отыр. Ол бірінші кезекте автокөлік құралдары (+18,6%), ауыл шаруашылығы техникасы (+6,4%) және басқа да жабдықтар өндірісін ұлғайту есебінен 14% өсім көрсетті. Сәтті әртараптандырудың мысалы ретінде Саран қаласында іске қосылған автомобиль шиналары өндірісін айтуға болады. Бұл аталған елді мекенді моноқалалар санатынан шығаруға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибені басқа аймақтарда жаңа басты бағдар ретінде қолдану міндеті жүктелген.

Бұл қаладағы негізгі жобалардың ішінде теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаратын зауытты да атап өтуге болады. Оның қуаты жылына 150 мыңға дейін теледидар мен 200 мың кір жуғыш машина шығаруға жетеді. Сондай-ақ, Алматы қаласында жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендтік зауыт және Қостанай қаласында Киа автомобильдерін шығаратын зауыт ашу жоспарлануда.

Машина жасаумен қатар, жыл басынан бері металлургия саласы да оң динамика көрсетіп отыр, оның өсуі 1,3%-ды құрады.

Президент өз Жолдауында Qarmet металлургиялық комбинатын мысалға келтірді, онда отандық инвестордың келуімен өндірісті едәуір көлемде ұлғайту мақсатында жаңғырту жұмыстары басталған. Мұндағы өсімге ферроқорытпалар (+1,6%), шойын (+6,5%) және болат (+3,4%) өндірісін ұлғайту есебінен қол жетіп отыр, бұл шикізатты тереңдете қайта өңдеу жөніндегі стратегиялық міндетке сәйкес келеді.

«Басты назар базалық металдарды одан әрі өңдеуге, аралас салаларды дамытуға және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға аударылып отыр. Биыл мыс өңдеуді 2 есеге, алюминийді 1,5 есеге, қорғасынды 2,3 есеге және мырышты 11%-ға ұлғайту жоспарлануда. Отандық өндірушілерді базалық металдармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар орта және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға көмектеседі. Катанка, өткізгіш кабельдер өнімі, аккумуляторлар, терезе профильдері, жиһаз фурнитурасы және басқа да тауарлар өндірісі артып келеді. Биметал жылыту радиаторларын, өнеркәсіптік аккумуляторларды, жезден жасалған бұйымдарды шығаратын жобалар іске қосылды», — деп атап өтті вице-министр.

Болат құю өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету үшін өндіріс көлемі едәуір ұлғайтылып, жаңа қуаттар іске қосылды. Мәселен, соңғы бес жылда болат шығару қуаты 5-тен 7,5 млн тоннаға дейін өсті. Құрылыс арматурасын, швеллер, қоставр, бұрыштемірлер шығару бойынша бес зауыт іске қосылды. Биыл Қарағанды облысында тік жікті құбырлар мен алюминий радиаторларын, Түркістан облысында алюминий профильдерін, Ақмола облысында алюминий бұйымдарын, Жамбыл облысында катодты мыс шығаратын өндіріс іске қосылуда.

Химия өнеркәсібі. Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, полипропилен мен полиэтилен шығаратын ірі өндірістердің жүзеге асырылып жатқанын, бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіру бойынша перспективалы жобалардың әзірленгенін атап өтті. Бүгінгі таңда мұндағы өндіріс 6%-ға өсті. Өсім негізінен жоғары технологиялық өнімдер: полипропилен (+46,2%), хром оксиді (+4,8%) және аммофос (+67,7%) өндірісінің ұлғаюы есебінен болып отыр.

  • Ал құрылыс материалдарының өндірісі 4,7%-ға өсті, бұл еліміздегі инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғын үй құрылысының жүзеге асуымен тікелей байланысты әрі халықтың өмір сүру сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.
  • Жеңіл өнеркәсіп тоқыма өндірісінің 4,9%-ға артуына байланысты 1,9%-ға өсті. Сонымен қатар, киім (-0,7%) және былғары өнімдері (-6%) өндірісіндегі байқалып отырған шамалы құлдырау қосымша назар аударуды және мемлекеттік қолдау шараларын талап ететін тұстардың бар екенін білдіреді.
  • Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру (+9,2%), мұнай өңдеу (+8,5%), дайын металл бұйымдарын өндіру (+14%), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру (+4%) және жиһаз өнеркәсібі (+1,6%) оң динамиканы көрсетті.

Жалпы, биыл 23 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 1,5 трлн теңгеге жуық соманың 190 жобансын жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 75 жоба іске қосылды.

Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау және ОТӨ-ді қолдау

Тиімді шаралардың бірі – қолжетімді шикізатты ұсыну мақсатында ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету. Биыл тау-кен металлургия кешенінің ірі компанияларымен 147 млрд теңгеден астам сомаға 513 ұзақмерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп.

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға көп көңіл бөлінеді. Ол үшін сатып алудың ашықтығы мен мониторингін қамтамасыз ететін сатып алу жүйесі іске қосылады. Жалпы 2029 жылға дейін тауарларға қажеттілік әлеуеті 2 трлн теңгеден асады.

Кәсіпорындарды инфрақұрылымға кең қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдірілуде. Елде 16 арнайы экономикалық және 55 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларды дамыту – жаңа өндірістерді жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі. Аймақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі және жобаларды іске асыру үшін бизнеске беріледі.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бастамаларды қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру құралы іске қосылды, онда жеңілдікті бағамен дайын өнеркәсіптік алаңдар жалға берілетін болады. Мұндай аймақтар сегіз өңірде салынуда, 90-ға жуық жобаны іске қосу және 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда», — деді Олжас Сапарбеков.

Минералды-шикізат базасын геологиялық қамтамасыз ету және кеңейту

Жер қойнауын тиімді және ұтымды пайдалану – ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Үкімет геологиялық барлаудың ашықтығын, инвестициялық тартымдылығын және тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл бағыттағы серпінді қадам 2025 жылы жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын пайдалануға беру болды. Бұл ақпараттық жүйе аукциондарды қоса алғанда, барлау және өндіру құқығын алу үдерістерін автоматтандырады және бұрын-соңды болмаған ашықтық деңгейін қамтамасыз етеді. Платформада 66 мыңнан астам геологиялық есеп орналастырылған, интерактивті карта әзірленіп, 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған.

Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына жалпы ауданы 2 652,5 шаршы шақырым 1 061 блоктан тұратын барлау үшін 73 жаңа учаске және аукционға шығару үшін 62 кен орны енгізілген. Есепті кезеңде алғаш рет қатты пайдалы қазбалардың бес жаңа кен орны (Көк-Жон, Алтын-Шоқы, Самомбет, Студенттік, Тақыр-Кальджир) мемлекеттік есепке қойылды. Осының нәтижесінде ресурстардың айтарлықтай өсімі алынды: Алтын – 97,8 тонна, күміс – 11,9 тонна, мыс – 36,4 мың тонна және басқа да өнімдер. Салыстыру үшін, 2024 жылы мұнай қоры – 199 млн тонна, газ – 22 млрд м3 және жер асты сулары – 79,8 мың м3 өскен 23 ҚПҚ кен орны, 6 көмірсутек және 6 жерасты сулары мемлекеттік есепке алынды, бұл осы бағыттағы жүйелі және үздіксіз жұмыс атқарылғанын көрсетеді.

Техногендік минералдық түзілімдерге (ТМТ) тексеру жүргізілді, оның барысында көлемі 53,6 млрд тонна болатын 1 630 нысан ескерілді. Нақтырақ айтсақ, жер қойнауының мемлекеттік қорында жалпы салмағы 55 млрд тонна болатын 1 747 ТМТ нысаны бар, оның 450-і елді мекендерге жақын орналасқан, бұл оларды қайта өңдеудің маңыздылығын көрсетеді. Геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін 2025 жылы бюджеттен 41 нысанды зерттеуге 7,6 млрд теңге бөлінді.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыру

Қазақстанда заңнаманы жетілдіру және келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Атап айтқанда, цифрландыру және аукциондар өткізу мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді, оны Парламентке 3 тоқсанда енгізу жоспарлануда. Негізгі министрліктер қолдаған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге 50% қол қою бонустарын жіберу туралы түзетулер әзірленді.

Бүгінгі таңда елде 2615 лицензия мен 319 келісімшарт бар (оның ішінде 122-сі барлауға, 134-і өндіруге және 63-і бірлескен барлау мен өндіруге). TGY платформасының арқасында 2443 жер қойнауын пайдаланушы есепті электронды түрде тапсырды. Мониторинг қорытындысы бойынша 196 келісімшарт пен лицензия бойынша бұзушылықтар туралы хабарламалар жіберілді, 910 млн теңгеге тұрақсыздық айыбы қойылды. 37 келісімшарттың қолданылуы тоқтатылды (оның 30-ы барлауға, 5-і өндіруге, 2-і бірлескен барлау мен өндіруге) және жосықсыз пайдаланушылардан 61 лицензия қайтарып алынды.

ІІМ және ҰҚК-мен бірлесіп еліміздің төрт өңірінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің жолы кесілді. 3 тоқсанда тағы 350 хабарлама жіберу және 65 көшпелі тексеру жүргізу жоспарлануда.

Осы жылдың 7 айында жер қойнауын пайдалану құқығын алуға (1070 барлауға, 35 өндіруге) 2005 өтініш келіп түсті, оның 997-сі қаралды. Нәтижесінде барлауға 506 лицензия, өндіруге 18 лицензия және жер қойнауын геологиялық зерттеуге 114 лицензия берілді.

Сондай-ақ геологиялық ақпаратты экспорттауға 83 лицензия және геологиялық сынамаларды уақытша әкетуге 37 рұқсат берілді. Қолданыстағы келісімшарттар бойынша 361 өтініш қаралды (құқықтардың ауысуы мен шарттардың өзгеруін қоса алғанда), ЭК-нің 30 отырысы және жұмыс тобының 18 отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша келісімшарттардағы 28 толықтыруға қол қойылды. 41 лот бойынша 3 аукцион өткізілді, олар қол қою бонусының сомасы бюджетке түскен 27,8 млрд теңгені құрады. Жер қойнауы мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына тұрақты негізде өзгерістер енгізілуде (жыл басынан бері 4 бұйрық қабылданды). 35 кен орны бойынша ең жақын электрондық аукцион 19 қыркүйекте өтеді.

Осылайша, Үкіметтің қызметі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді кешенді шешуге бағытталған. Өнеркәсіптің орнықты өсуі экономикалық даму үшін негіз қалыптастырады, минералдық-шикізат базасын кеңейту жөніндегі жүйелі жұмыс ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ал жер қойнауын пайдалану саласында тәртіп орнату жөніндегі шаралар әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады.