Шымкентте азық-түлік логистикасын дамытуға бағытталған жаңа сауда орталығы ашылды

0
176

FOOD CITY көтерме сауда орталығы өз жұмысын бастады.


Шымкентте азық-түлік логистикасын дамытуға бағытталған жаңа сауда орталығы ашылды

Шымкентте сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды жоба іске қосылды.

Қаланың Тассай елді мекенінде заманауи талаптарға сай бой көтерген FOOD CITY көтерме сауда орталығы өз жұмысын бастады. Көкөніс пен жеміс-жидек саудасын жүйелеумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жаңа кешен алдағы уақытта мегаполистегі ірі логистикалық орталықтардың біріне айналмақ.

Жаңа сауда орталығының ашылуына Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев қатысты. Оның айтуынша, бұл кешен тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, қарапайым тұтынушылар үшін де маңызды әрі қолайлы сауда орталығы болмақ. Салтанатты шараға кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, белгілі спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында көпшілікке ақ дастархан жайылып, құдайы ас берілді.
30 жылдан бері сауда саласында тәжірибе жинаған кәсіпкер, FOOD CITY базарының құрылтайшысы Сәбира Орманованың айтуынша, жаңа жобаның басты мақсаты – сауда жүйесін реттеп, халыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну.

– Біз бұл базарды тек сауда орны ретінде емес, өңірдің азық-түлік айналымын жеңілдететін ірі логистикалық орталық ретінде қалыптастырғымыз келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келетін көкөніс пен жеміс-жидекпен қатар, отандық азық-түлік өнімдері де осында көтерме бағамен саудаланады. Тұтынушы күнделікті қажет өнімнің барлығын бір жерден таба алады. Ең бастысы – сапа мен қолжетімділікке басымдық беріп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бөлісу