Сот барысында жүргізушінің бұрын жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны айтылды.
Фото: t.me/ Kozachkov offside
ERNUR.KZ. Алматыда Әл-Фараби даңғылында үлкен резонанс тудырған жол апаты бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында жол апатына кінәлі кәсіпкер Александр Пак көлік жүргізу кезінде не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, ол Достық көшесінен Әл-Фараби даңғылына қарай бара жатқан кезде көлікте техникалық ақау белгілері байқалған. Көліктің қозғалысын тұрақтандыруға тырысқанын, алайда жағдайдың тез арада ушығып кеткенін айтты.
«Әл-Фараби даңғылына жақындаған кезде көліктегі ақау туралы ескертетін шамдар жана бастады. Осыған дейін де ұқсас белгілері пайда болғанда жылдамдықты сәл арттырсам, бәрі қалпына келетін. Бұл жолы да сағатына шамамен 80 шақырым жылдамдықпен келе жатып, қозғалтқыштың гуілдеген дыбысы басылар деп ойлап, сол жақ жолақтан оң жақ жолаққа ауыса бастадым. Осыдан кейін не болғанын нақты білмеймін. Спидометрге де қараған жоқпын», – деді ол.
Оның сөзінше, осыдан кейін жағдайды реттеуге тырысқанымен, бәрі өте жылдам өрбігендіктен қарсы бағытқа шығып кетудің алдын ала алмаған.
«Қарсы жолаққа шығып кеткеннен кейін тежегішті басуға тырыстым, бірақ тежегіш жұмыс істеген жоқ. Содан кейін жол апаты болды. Одан арғысын есіме де түсіре алмаймын. Ауруханада көзімді аштым. Маған қандай да бір ота жасаған екен. Есімді жансақтау бөлімінде жидым. Сол жерде үш адамның қаза тапқанын айтты», – деді айыпталушы.
Осыдан кейін сотта апатқа дейінгі оқиғаларға қатысты тергеу материалдары жария етілді. Іс материалдарына сәйкес, жол-көлік оқиғасы қарсаңында айыпталушы отырған компания алкогольдік ішімдіктер мен тағамдарға тапсырыс берген. Атап айтқанда, 4 бөтелке шарап, 300 грамм виски, 100 грамм текила және екі «Апероль» коктейлі алынған.
Сонымен қатар сот барысында жүргізушінің бұрын жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны туралы мәліметтер де айтылды. Олардың қатарында жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, көлікті дұрыс қоймау, сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйінде жүру деректері бар.
Сот отырысында айыпталушы жол апатын жасап, үш адамның қаза болуына себепкер болғанын мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
«Мен үшін шартты жаза қабылдауға келмейтін нәрсе. Жасаған ісім үшін толық жауапкершілік көтеруге дайынмын және соны қалаймын. Бұл – үлкен қайғы», – деді ол.


