Атырау облысында мыңнан астам қой мен ешкі қырылды

0
105

Атырау облысының Жылыой ауданында жауын-шашын мен қолайсыз ауа райының салдарынан 1200-ден астам ұсақ мал қырылды.


Атырау облысында мыңнан астам қой мен ешкі қырылды

Сурет: tiktok/alik0668 скриншот


ERNUR.KZ. Оқиға 2–3 маусым аралығында Сарықасқа және Желтау ауылдарында тіркелген. 11 шаруа қожалығында қой мен ешкі шығыны орын алған, деп жазады zakon.kz.

Мамандардың айтуынша, малдың жаппай қырылуына қолайсыз ауа райы ғана емес, жануарлардың жағдайы да әсер еткен. Атап айтқанда, жақында қырқылған қойлар суық жаңбыр мен желге төтеп бере алмай қалған.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы Сайран Гуднанның мәліметінше, бірнеше сағатқа созылған нөсер жаңбыр мен қатты жел малдың қырылуына себеп болған.

"Шамамен 15 сағат бойы толассыз жаңбыр жауып, екпінді жел соқты. Нәтижесінде 1238 бас ұсақ мал қырылды. Қазіргі уақытта өлекселер санитарлық талаптарға сай жойылды", – деді ол.

Қайғылы жағдайға қарамастан, ауданда төтенше жағдай режимі енгізілмеген, сондай-ақ мал шығыны үшін өтемақы қарастырылмаған.

Сонымен қатар жазғы жайылымға шығарылған мал үшін арнайы қора-қопсылардың болмауы да шығынның артуына әсер еткені атап өтілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қой мен ешкі экспортына квота енгізілген болатын.