"Аяғы шайналып кетті": Қызылордада аттракционға барған бала ауыр жарақат алды

0
111

​Қызылордадағы ойын-сауық саябағында қайғылы оқиға болды.


ERNUR.KZ. Қызылорда қаласында ойын-сауық саябағындағы аттракционда ауыр оқиға болып, жасөспірім бала ауыр жарақат алды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқыс жағдай салдарынан бала екі аяғынан айырылып, көп мөлшерде қан жоғалтқан, деп жазады baq.kz.

Қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр. Осыған байланысты жақындары мен туыстары тұрғындардан көмек сұрап, қан тапсыруға шақырды.

Екі аяғынан жарақат алып, қан тоқтамай жатыр. Көмектесіп, қан тапсырып жіберсеңіздер. Баланы аман алып қалайық, - деп жазылды әлеуметтік желідегі парақшада.

Оқиға куәгері жағдайды бізге былай сипаттап берді.

Паркте құрбыммен жүргенмін. Айқай-шуды естіп, жүгіріп бардық. Барсақ бала аттракционның астында жатыр, аяғы шайналып кетіпті. Жағдайы хәл үстінде деп топтастары, туыстары жазып отыр. Сол жердегі адамдар көмектесті. Парк басшыларынан қандай да бір көмек болғанын білмеймін, керісінше, видеоны әлеуметтік желіге жариялағаным үшін қысым көрсетіп отыр,- дейді оқиға куәгері.

Ал мәселенің мән-жайын білу үшін парк басшылығына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтеретін жан табылмады.

Оқиғаның нақты қалай болғаны және баланың қазіргі жағдайы жөнінде ресми органдар әзірге толық ақпарат жариялаған жоқ. Құзырлы мекемелер тарапынан түсініктеме берілген жағдайда материал толықтырылады.