ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік аудит процестерін цифрландыруды жалғастыруда.
ERNUR.KZ. Негізгі жобалардың бірі – мемлекеттік органдардың қаржылық есептілігін камералдық форматқа көшіруге мүмкіндік беретін Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер қоймасын құру. Бухгалтерлік операцияларға қашықтан қол жеткізу арқылы қаржылық есептілік қалыптаспай тұрып, 1 млрд теңгеден астам сомаға жол берілмек болған бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.
Министрлік дәстүрлі мемлекеттік аудит тәсілдерін де қайта қарады. Биыл алғаш рет бюджет бағдарламаларының республикалық әкімшілерінен бастап жергілікті деңгейдегі бюджет қаражатының түпкілікті алушыларына дейінгі толық циклді қамтитын Пирамидалық аудит апробациядан өтті.
«Осындай аудиттің нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенде 22,8 млрд теңгеге тең мемлекеттік қолдау шараларының мақсатсыз пайдаланылған фактілері анықталды. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ел бойынша шамамен 2 мың заем алушы жалпы сомасы 13 млрд теңге болатын, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысы жоқ несиелер алған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру үшін мемлекеттен жеңілдікті бюджеттік кредиттер алған кейбір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бұл қаражатты банктік депозиттерге орналастырып, оңай табыс тапқан. Пайыздық кіріс 2 млрд теңгеге дейін жеткен. Осындай әрекеттерді кейбір заем алушылар да жасаған», – деді спикер.
Мемлекет аграрлық секторды жүйелі түрде қолдап келеді – фермерлерге тұқым, техника, жем-шөп сатып алуға және шаруашылықты дамытуға мүмкіндік беру үшін жеңілдікті бюджеттік несиелер, субсидиялар және басқа да қолдау құралдары бөлінеді. Алайда аудит анықтаған фактілер жекелеген ұйымдардың және кейбір ауыл шаруашылығы субъектілерінің адал емес іс-әрекеттері салдарынан бұл қолдаудың шын мәнінде мұқтаждарға әрдайым жетпейтінін көрсетеді. Бұл мысалдар мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру үшін бақылау мен цифрлық талдауды күшейту маңызды бағыт болып қала беретінін дәлелдейді.
«Біз мемлекеттік бюджет қаражатын, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына арналған қаражатты адал емес жолмен алу немесе пайдалану бойынша алаяқтық схемалардың жолын кесуге бағытталған жаңа техникалық шешімдерді әзірлеп жатырмыз. Осылайша, Комитет жүргізіп отырған жұмыс бюджет жоспарлау кезеңінен бастап міндеттемелерді қабылдау, төлемдерді жүзеге асыру және бухгалтерлік есеп жүргізуден бастап қаржылық есептілікті бекітуге дейінгі барлық процесті нақты уақыт режимінде тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген цифрлық аудитке көшуге мүмкіндік береді», – деп қорытындылады спикер.


