Бүгін Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен республикалық референдумның қорытындыларын талқылауға арналған жиын өтті.
Басқосуды мемлекет және қоғам қайраткері, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жүргізді.
Жиын барысында қатысушылар ел өміріндегі маңызды саяси науқан – жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның маңызы мен нәтижелері туралы пікір алмасты. Белгілі болғандай, 16 наурыз күні Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялап, референдумға қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы ұсынылған өзгерістерді қолдап дауыс бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар, референдум күні жүргізілген экзитпол нәтижелері де қатысушылардың 86 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдағанын көрсетті.
Ассамблея мүшелері де жаңа Ата Заңды қабылдау бастамасын бір ауыздан қолдап, референдум қарсаңында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен түрлі форматтағы кездесулер өткізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізгені айтылды. Бұл жұмыстар қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың саяси белсенділігін нығайтуға ықпал етті.
Жиын барысында ұлағатты ұстаз, қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нышан Байғұтов, қалалық ассамблея жанындағы «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі Шолпан Торғаутова, сондай-ақ қалалық ассамблея төрағасының орынбасары Юрий Пан, , Рамиля Искандерова, Ирина Полякова және Наталья Романова өз пікірлерін білдіріп, референдум нәтижесінің ел дамуы үшін маңызын атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар барша қазақстандықтарды алда келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, елге амандық, әр отбасыға береке мен қуаныш тіледі.


