Елімізде педагогтардың жүктемесін азайту мақсатында міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталды.
ERNUR.KZ. Бұл ретте тестілеу педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектер, қызметін қайта бастаған педагогтар, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін сақталады. Педагогтың қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады. Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп төмендетіп, педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуде тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау моделіне көшу басымдығы айқындалуда. Бұл жайында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілді.
«Яғни, мұғалім мамандығына үміткерлерге талаптар қатаңдатылып, жоғары оқу орнына түсу кезеңінің өзінде-ақ қабілетті, мықты талапкерлер іріктеледі. Жас мамандар үшін тестілеудің сақталуы - ол академиялық дайындық деңгейін айқындау көрсеткіші, басшылық құрам үшін – басқарушылық шешімдердің заңдылығына қажетті нормативтік-құқықтық білім деңгейін бағалау тетігі болып табылады. Аттестаттау талабынан эссе жазу, ғылыми мақалаларды жариялау, авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдар алынып тасталды. Бұл шешім педагог қызметін қосымша құжаттардың санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, аталған материалдар оқу процесінде тұрақты қолданылмайды және білім сапасына нақты әсер етпейді. Оған қоса уақыт пен күш қосымша материалдар әзірлеуге жұмсалып, бұл оқу процесінің тиімділігін төмендету тәуекелін туындатады»,-деді вице-министр.
Сондай-ақ аттестаттау жүйесін жаңартудың маңызды тетіктерінің бірі - процесті толық цифрландыру көзделген. Барлық біліктілік санаты бойынша аттестаттау ақпараттық жүйелермен интеграцияланған «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Платформада педагогқа қатысты негізгі мәліметтер автоматты түрде қалыптастырылып, еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және портфолиоға қажетті өзге де деректер жүйеленеді. Бұл құжат айналымын қысқартып, аттестаттау рәсімдерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ педагогтің күш-жігерін есептілікке емес, оқыту сапасына бағыттауға жағдай жасайды.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тестілеуден өтіп, шекті балл жинаған және портфолиосын белгіленген талаптарға сай қалыптастырған педагогтерге өтініш берген біліктілік санатына сәйкес қосымша ақы 1 қыркүйектен бастап төленеді. Алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған, бірақ портфолиосы талаптарға сәйкес келетін педагогтерге шілде айында қайта тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі. Егер қайта тестілеу нәтижесінде де шекті балл жинай алмаса тиісті біліктілік санаты берілмейді және олар 1 қыркүйектен бастап енгізілетін аттестаттаудың жаңа моделіне қатыса алмайды. Ал, екінші рет тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимдегі аттестаттаудың жаңа моделі шеңберінде аттестаттауға қатыса алады.


