"О дүниеге барып келгендей насихат айтады": депутат мүфтиятқа ескерту жасады

0
92

Қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім, дейді депутат.


фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Депутат Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде теріс діни насихат пен діни араздықты қоздыратын адамдарды қылмыстық жазаға тартуды ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Мәжілістің бүгінгі отырысында Бәпи өз әйелін шәкіртіне сыйлаған және Наурыз мейрамына қарсы шыққан "діндарларды" еске алып, бас прокурордан ондай адамдарды жазаға тартуды талап етті.
"Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын", - деді Бәпи.
Оның ойынша, теріс діндарлардың о дүниеге барып келгендей айтылатын "махаббат жұмағы" мен "нәпсі ләззатына кенелу" насихаты нақты руханиятпен ешқашан сыйыса алмайды. Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам. Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар - харам, ешқайсысын тойлауға болмайды.
"Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен! Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: "Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!", - деді Бәпи.
Осы орайда депутат Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына да ескерту жасады.
"Мәселен, қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, "сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің" кебін киген тәрізді. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс!", - дейді Бәпи.