​«Наурыз»бағдарламасына қатысушылар 2026 жылдың 13 қаңтарына дейін несиеге өтінім беріп үлгеруі керек

0
88

Отбасы банк – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын ұйым.


​«Наурыз»бағдарламасына қатысушылар 2026 жылдың 13 қаңтарына дейін несиеге өтінім беріп үлгеруі керек

ERNUR.KZ. Сүйінші! 9 000 қазақстандық кеше жақсы жаңалық жазылған смс-хабарлама алып, «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары атанды. Бағдарламаға өтінім бергендер мен қатысушылардың толық тізімі «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланды.

Наурызбойынша барлығы 25 260 өтінім қабылданған. Соның әр үшіншісі үміткерден қатысушы қатарына өтті. Ал тізімге енген 9 000 адамның 3 332-сі (37%) – тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Олардың жартысы әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар.

Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарының басым бөлігі «Наурыз» бағдарламасының қатысушыларының қатарына енген. Республикалық маңызы бар қалалардан өткен адам саны6 322. Облыс орталықтарынан 2 277 адам, ал тағы 401 банк клиенті аудандар мен моноқалалардан.

Тағы бір бөлісе кететін жайт – қатысушылардың басым бөлігі жастар.35 жасқа дейінгі 5 379 жас қазақстандық бағдарлама бойынша өтіп отыр.Олардың дені жас отбасылар.

Биылғы «Наурыз» бағдарламасы тізімінде 21,3% қатысушы – тұрғын үй төлемдерін алушылар, яғни әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері.

Енді осы клиенттердіңбарлығы 2026 жылдың 13 қаңтарына дейін Отбасы банкке кредиттік өтінім тапсырып үлгеруі керек.Егер бағдарлама қатысушысы несиеге мақұлдау алса, онда өзіне қажетті тұрғын үйді таңдап, сатып алуға алты ай уақыты болады.

Бағдарлама қатысушыларының қатарында қазақ тілі пәнінің мұғалімі Базархан Дайрабеков те бар. Ол бүкіл ғұмырын мектепке және шәкірттеріне арнаған жан. Жетісайдан Алматыға қоныс аударғаннан кейін педагог ұзақ уақыт бойы өз баспанасы болмай, қарындасының үйінде тұрды. Соған қарамастан, өз пәтерін сатып алуда үмітін ешқашан үзген жоқ.

2023 жылы Базархан Отбасы банкте депозит ашып, баспанасына ақша жинай бастады. Оның төзімі, жинақ тәртібі және үнемшілдігі өз нәтижесін берді – осы уақыт ішінде ол шотында 5 миллион теңге жинап, «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін өтінім тапсырған.

Мен бірнеше жыл бойы мақсат қойып жинақтап, өтінім бердім және ақыры көптен күткен хабарламаны алып, бағдарламаның қатысушысы атандым. Енді ең жағымдысы – үй іздеуге кірісемін. Екі бөлмелі пәтер алуды жоспарлап отырмын. Ал жаңа пәтеріме ең алғашқы шақыратын қонақтарым: үш балам мен төрт немерем, – дейді қуанышымен бөліскен Базархан Дайрабеков.

Өтінімдерді қабылдау нәтижесі қазақстандықтардың «Наурыз» бағдарламасына алдын ала және саналы түрде дайындалғанын көрсетті. Олар өздерінің жинақ шоттарын белсенді түрде толықтырып, депозит бойынша сыйақы жинады. Өйткені ең көп балл дәл осы сыйақы үшін беріледі.

Отбасы банк – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыратын ұйым. Яғни банк қазақстандықтарды қолжетімді шарттармен баспана алу үшін ақша жинауға үйретеді. Сондықтан балл есептеу кезінде басты назар – жинаққа аударылады. Ең үнемшіл салымшылардың «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары қатарына ену мүмкіндігі жоғары.

Балл қандай көрсеткіштер үшін беріледі?

  • депозит бойынша сыйақы мөлшері – әр 1 000 теңгеге 1 балл;
  • ресми некенің болуы – 5 балл;
  • балалардың болуы – 10 балл (балалар санына қарамастан);
  • әлеуметтік осал топ мәртебесінің (ХӘАҚ) болуы – 10 балл;
  • 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 балл.

Мысалы, 1 000 балл жинау үшін Отбасы банктегі депозитте 1 млн теңге көлемінде сыйақы болуы қажет. Ал 500 мың теңге сыйақы үшін – 500 балл,
200 мың теңге сыйақы үшін – 200 балл беріледі. Ең бастысы – депозиттегі сыйақы мөлшері және салымшының қанша уақыт бойы жинақ жүргізгені. Шоттағы қаражаттың көп болуы негізгі көрсеткіш емес. Мәселен, қатысушылар тізімінде ең жоғары балл жинағандар – депозитті 2011–2013 жылдары ашып, ұзақ уақыт бойы үнемі толықтырып отырған салымшылар. Яғни, депозитті қаншалық ерте ашып, оны жүйелі толықтырған сайын, соғұрлым депозитке түсетін сыйақы да көп болады.

Маңызды жайт, өтінімдерді іріктеу тек бағдарламаға өтінім берген азаматтардың арасында жүргізіледі. Отбасы банк ең төменгі немесе ең жоғары баллды өзі белгілеймейді – бұл жұмысты автоматты жүйе атқарады. Жүйе қатысушыларды жинаған балл саны бойынша жоғарыдан төмен қарай сұрыптайды.

Мысалы, биылғы іріктеудегі ең жоғары балл – 1556,47, ал алдыңғы іріктеулерде бұл көрсеткіш 1421,29 және 1032,44 болған.

2026 жылы «Наурыз» бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қалай арттыруға болады? Отбасы банктің кеңестері:

  • «Отбасылық пакет» аясында жинақтау. Бұл – үй сатып алу үшін бүкіл отбасы бірлесіп ақша жинайтын тәсіл. Яғни әр отбасы мүшесі өз атына депозит ашады, оны жүйелі түрде толықтырады, ал өтінім беру алдында барлық шоттарды бір депозитке біріктіреді.
  • Депозитті үнемі толықтыру маңызды. Ай ішінде бір реттік ғана емес, қаржылық мүмкіндігі пайда болған сайын бірнеше рет толықтыруға тырысыңыз.
  • Депозитті БЖЗҚ артық қалған сомамен толықтыру. Өз зейнетақы шотының жағдайын уақытылы тексеріп отырыңыз. Мүмкін, шотта қажетті деңгейден жоғары сома бар шығар, оны депозитті толықтыруға бағыттауға болады.